"Мені жезөкше етіп көрсетті": Қарағандыда порномодель полицейлерді сотқа бермек
Қарағандыда порнороликтер сатты деген күдікке ілінген бикеш полицейлерді сотқа бермекші. Тергеу мәліметінше, 30 жастағы қала тұрғыны өзінің қатысуымен анайы бейнетаспалар түсіріп, желіде саудалаған. Әр роликтің бағасы да белгіленіпті. Тіпті, қомақты қаражат берсе өзімен де жыныстық қатынасқа түсуге болатынын жариялапты-мыс. Бірақ Яна Шарабокова полицейлердің бұл айыптаулары дәлелсіз және негізсіз деп санайды. Полицейлер болса, порнороликтер мен тән саудасын жасаған қыздың кінәсін дәлелдеп беретініне сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды.
Яна Шарабокова желіде ню модель ретінде танымал. Оған сылқымның инстаграмм парақшасындағы суреттері дәлел. Тырдай жалаңаш күйіндегі фотоларын тамашалаушылар да жетіп артылады. Танымал модельдің шырт ұйқысын жарым түнде полицейлер мен арнайы жасақ сарбаздары бұзған. Оның бейнетүсіру мен жарықтандыру құралдары қоршаған жұмыс орны мен жыныстық қатынаста қолданатын ойыншықтары тәркіленген. Яна фото-видео түсірілімді өзім үшін жасаймын, роликтердің саудасына еш қатысым жоқ дегенді айтады.
"Менің қатысуыммен жасалған видеоролик желіге тараған. Бірақ мен ол видеоны өзімнің танысыма ғана жібергем. Ал оны саудалаған телеграм-арнаның Украинада тіркелгенін полицейлер анықтадық деп отыр. Алдымен сол телеграм-арнаның кімге тиесілі екенін анықтап алмай, неге маған шүйліккендерін түсінбеймін", - деді Қарағанды қаласының тұрғыны Яна Шарабокова.
Жалаңаш денесін көрсетуге құмар ару полицейлердің кәсіби деңгейі төмен деп санайды. Дәлелсіз, дәйекіз, ұстау операциясын жасап, оның бейнетүсірілімін ертесі күні-ақ елге жария еткені қыздың ар-ожданына нұқсан келтірген.
"Олар мені жезөкше етіп көрсетті. Менің осы шағын қалада туғандарым мен таныстарым көп. Мен тәнімді саудалайтын, өз-өзіме жау емеспін. Парақшамды жүргіземін, модель бизнесімен айналысамын" - деді Яна Шарабокова.
Ал полицейлер бұл бикеш "сүттен ақ судан таза" емес дейді. Тергеу құпиясына байланысты айтылмайтын, бірақ нақты дәлелдеріміз бар деп отыр.
"Біз қазір бұқаралық ақпарат құралдарына істің толық мән-жайын ашып айта алмаймыз. Полиция қызметкерлері мұндай жедел іздестіру жұмыстарын тектен тек жасаған жоқ. Сондықтан да қылмыстық істің барлық жинақталған дәлелдемелері сотқа жолданады", - деді Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.
Яна Шаробокова қазір адвокатының артынан еріп, айтқанын істеп жүр. Өзіне тағылған айыптар бойынша сотта жеңіп шығатынына сенімді. Содан кейін полицейлердің өзін сотқа бермек. Дегенмен, тәртіп сақшылары "тергеу құпиясына байланысты айтылмағандарды сот барысында жайып саламыз" деп, әліптің артын бағып отыр.