“Мені қызметтен алыстату үшін тапсырыспен жасалған”: Адвокат Жанна Оразбақова өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс туралы айтты
Жанна Оразбақова ресейлік сайттарда өзіне қарсы ақпараттық шабуыл басталғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BES Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
Айта кетейік, осыған дейін тергеу құпиясын жария етті деген айыппен адвокат Жанна Оразбақованың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған.
Баспасөз мәслихатында Жанна Оразбақова ақпаратты жария еткені үшін жауапкершілікті ескертетін ешқандай құжатқа қол қоймағанын, тағылған айыпты негізсіз деп санайтынын айтты.
Адвокат өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс кәсіби қызметіне жасалған қысым деп санайды. Бұл әрекет өзін және әріптесін заңгерлік қызметтен аластату үшін жасалып жатқанына сенімді. Оның пікірінше, іс тапсырыс бойынша жасалған.
“Маған және менің әріптесіме қатысты қылмыстық істің тіркелуі бізді жалпы кәсіптен аластату мақсатында ашық тапсырыспен жасалған іс деп есептеймін. 423-бап бойынша іс қозғау үшін ақпаратты жариялағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы жазбаша міндеттеме болуы керек. Мен мұндай жазбаша міндеттемеге қол қойған емеспін, менен ешкім қол қоюды талап еткен жоқ. Бұл қылмыстық іс заңсыз қозғалған, прокуратура мұны тоқтатуы керек еді”, – дейді Оразбақова.
"11 жылдан кейін ажырастық": Жанна Оразбахова жеке өмірі туралы сыр шертті
Жанна Оразбақова ресейлік сайттарда өзіне қарсы ақпараттық шабуыл басталғанын, оған пара алды және бопсалады деген айып тағылғанын айтты. Оның айтуынша, мұндай науқанға қыруар қаржы кетеді. Адвокаттың сөзінше, осыған дейін клиенті Лилия Аношина туралы дәл сол басылымдарда ақпараттар жарияланған.
"Ресей Федерациясының 47 түрлі басылымдары мен туралы жаңалық жазып, менің фотосуретіммен жариялады. Қазақстандық олигарх Александр Беловичтің бұрынғы әйелі қорғауымдағы Лилия Аношинаға қарсы ақпараттық науқан бір жыл бойы жүргізілген еді. 20 желтоқсанда сол үлгілерді пайдаланып, маған қарсы шықты", – деді адвокат.
Республикалық адвокаттар президиумының мүшесі Анар Құсайынова да Жанна Оразбақоваға қатысты іс тапсырыс бойынша жасалған деп есептейді.
"Менің ойымша, адвокат Жанна Оразбақоваға қатысты қылмыстық істі заңсыз ресімдеудің тапсырыстық сипаты айқын. Бұл оны нақты қылмыстық іске қатысудан шеттету ғана емес, сонымен қатар оны қылмыстық іс жүргізу құқығынан айыруға бағытталған. Бұл қылмыстық істің заңсыз тіркелгеніне бүгін 21 күн болды. Жанна ешқандай сотқа дейінгі тергеу органына шақырылмаған", – деді Анар Құсайынова.
Айта кетейік, Жанна Оразбақова "Базис-А" құрылыс холдингінің негізін қалаушы Александр Беловичтің бұрынғы әйелі Лилия Аношинаның мүддесін қорғаған. Лилия Аношина мен оның бизнес-менеджері Татьяна Белова бопсалау мен алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Оларға қарсы мәлімдемелерді Аношинаның бұрынғы күйеуі Александр Белович берген.