Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені халық таңдаған жоқ": Жақында "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын алған Еркебұлан Тоқтар өзін сынағандарға жауап берді

Еркебұлан Тоқтар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алдыФото: https://www.instagram.com/erkebulan_toktar

Танымал актер әрі аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар “TalkLike” берген сұхбатында құрметті атақ алғаны үшін өзін сынағандарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің айтуынша, өзіне бұл атақтың не үшін берілгені жөнінде сұрайтындар көп. Ал ол мұның жауабын өзінен емес, жауапты тұлғалардан сұрау қажет екенін айтты.

“Маған бұл атақтың не үшін берілгенін сұрап жатқандар көп. Адамдар сұрақты маған қойып жатыр. Оны маған емес, берген адамға қою керек деп ойлаймын. Маған берді, мен алдым. Бұл атақты беруді әкім шешпейді немесе халық таңдамайды. Мені халық таңдаған жоқ, бұл депутаттыққа немесе әкім болуға сайлау емес қой. Атақты халық таңдаса да алар едім, әлеуметтік желіге салсам, оқырмандарым мені қолдар еді. Мен оқырманым көп, шамамен 1,4 миллион қолданушы, мені бәрі жақсы көреді. Бірақ бұл дауыс берумен шешілетін дүние емес, жоғарыдағылар осылай шешкен екен. Оның себебін мен де сұраған жоқпын, өйткені маған келіп-кетер пайдасы жоқ. Мен бұл үшін мемлекеттен ақша алмаймын ғой. Тегін емделуге болады дегенді естідім, маған ол да қажет емес, менің өжеке дәрігерлерім бар, оларға ақша төлеп қараламын”, – деді ол.

Актер бұл атақтың оған берілуін үлкен жетістік деп бағалады.

“Награда берілді, мен қолын қайтармай алдым, өйткені бұл үлкен жетістік. Өте қатты қуандым. Лайық немесе лайық емес екенімді берген адам шешетін шығар. Қалғандары сөйлей береді, айта берсін, мен олардың аузына қақпақ болмаймын”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін актер Еркебұлан Тоқтарға “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы берілгені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 15 Желтоқсан, 2025 12:34