"Мен үшін қайырымдылық кешін ұйымдастырды": Қайрат Түнтеков кезінде өнердегі аға-әпкелерінің қаржылай көмектескенін жасырмады
Отандық эстрада жұлдызы Қайрат Түнтеков басына іс түскенде өнер өкілдерінің ақша жинағанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/tuntekov_k/
Өнер иесі "Qazaq Airan" Youtube-жобасы арқылы қиын сәтте көмектескен әріптестеріне рақмет айтты.
“Жол апатына түсіп, қамауға алынып жатқанда өнердегі аға-әпкелерімнің қолдауы көп болды. Қиын кезеңде Ерлан Көкеев ағамыз, Айжан Нұрмағанбетова әпкеміз қайырымдылық ән кешін ұйымдастырып, маған көмек ретінде қаражат жинаған. Ол кісілерге әлі күнге дейін алғысым шексіз. Мәселе қанша қаражат жиналғанында емес, мәселе көңілде. Сол кезде мені солай қолдағанына қатты қуанамын. Маған көмектескен өнер адамдарына, ата-анама, жақындарыма алғысым шексіз. Қазір күліп еске аламыз ғой, бірақ сол кезде маған өте ауыр тиді”, – деп ағынан жарылды әнші.
-
"Оның стилі операға жақын": Қайрат Түнтеков өзін Димаш Құдайбергенмен салыстыратындарға жауап берді
-
"Үй шаруасындағы әйел": Қайрат Түнтеков алғаш рет әйелі туралы сыр шертті
Сондай-ақ әнші жиналған қаражатты өзіне жұмсамай, сырқаттанып жатқан балаға аударып жібергенін айтты.
“Өнер адамдары жинаған қаражатқа қайта тоқталғым келеді. Сол жиналған ақшаны Алланың қалауымен баласына ота жасау үшін жұрттан көмек сұраған кісіге бердім. Бір тиынын да алмадым. Бұл туралы қайталап айта бергім келмейді, мұндайды жақтырмаймын. Кейіннен ол бүлдіршіннің отасы сәтті өтіп, сырқатынан айығып кеткенін естідім. Қатты қуандым. Өнердегі аға-әпкелерім әлі күнге дейін басына іс түскен әріптестеріне көмектесіп тұратынын білемін", – деді өнер иесі.
Айта кетейік, эстрада жұлдызы жұлдыз ауруына шалдыққанын мойындаған еді.