"Мен Қазақстанды жеймін": Белгілі айтыскердің сөзінен жұрт шошып кетті (видео)
Белгілі айтыскер Жандарбек Бұлғақовтың сөзінен жұрт шошып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айтыста қамшы алдырмайтын ақын Жандарбек Бұлғақов желідегі парақшасына бейнежазба жүктеп жұртты таңқалдырған. Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірін тілге тиек ете келіп, Қазақстанды елдің бәрі жеп жатыр, мен де, балаларым да жейді енді, реніш болмасын дейді ақын.
"Қазір жұрттың бәрі білетін бір шындық бар. Қазақстанды бәрі жеп жатыр. Басқа ұлттар да жеп жатыр, өзіміздің адамдар да жеп жатыр. Ешкімнің маған өкпелейтін жөні жоқ шығар деп ойлаймын. Мен де Қазақстанды жеймін. Және балаларыма да мүмкіндігінше соны жегізуге тырысамын. Кім жемей жатыр. Мүмкіндігі бардың бәрі жеп жатыр. Сондықтан ешқандай реніш болмасын ағайындар жеуді бастаймыз", - деп көпшіліктің алдында мәлімдеме жасаған.
Алайда, Жандарбек Бұлғақов "Қазақстан" шоколадын жеп жұртты күлдірген. Бастапқыда шынайы көрінген бұл қалжың осылайша тәтті жеумен аяқталған. Жұрт бұл әзілді саяси қалжың деп ұғынып, ақынның тапқырлығына риза болды.
"Сөз тапқанға қолқа жоқ", "Сөзіңде шындық бар", "Ақын ғой астарын ұғынайық", "Шошып кеттік қой құрсын не болып қалды деп", "Мына ініме не болған деп кәдімгідей ренжіп қалсам", "Ашық жариялайтындай не болған деп ойлап кеттім", - дейді жұрт.