"Мен де оны жапқызайын ба?" Он тәулік жазасын өтеп шыққан Асқар Жұмабек дауласқан қызға ашуланды

Түсірілім барысында әріптесін ұрмақ болғаны үшін 10 тәулікке қамауға алынған актер Асқар Жұмабек бостандыққа шығып, мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеген дүкеннің өкілдеріне ашуын жеткізді. Өнер иесі ол тарапты түймедейді түйедей дүние етіп, оны бүкіл қазақ еліне қарабет етті деп есептейді.
“Мені қызды ұратын, тебетін адам ретінде көрсетті. Жарайды, солай-ақ болсын”, – деді ол.
Өнер иесі өте адал адам екенін айтып, ашуланшақтық мінезі барын мойындады. Алайда актер жанжалдасқан бойжеткенге тек “хайп керек болды” деп мәлімдеп, оған қол көтергені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
“Егер ол адам менің кешірім сұрағанымды қаласа, бұлай желіні шулатпас еді. Бірақ оның да өтірік айтқан тұстары бар. Біріншіден, мені оятқанына рақмет айттым. Екіншіден, иә, боқтадым, ұрыстым, бірақ мен оны тепкен жоқпын. Бұған қоса, мен сол күні кешке кешірім сұрау үшін хабарластым, бірақ ол көтермеді. Егер ол “Асқар екеуміз ұрысып қалдық, бір-бірімізге балағат сөздер айттық” десе түсінер едім”, – деді ол.
Асқар Жұмабектің айтуынша, ол он тәулікке балағат сөз айтқаны үшін емес, қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен қамалған. Ол оқиға кезінде қоғамдық орында жалғыз өзі тәртіп бұзды деп танылғанына ашуланды.
“Ол қоғамдық орында мен жалғыз тәртіп бұзған екенмін. Студияға кіріп, өзіммен-өзім ұрсысып, адамдардың мазасын алыппын. Оған тек хайп керек болды. Менің атымды кірлету арқылы өзін сүттен ақ, судан таза, пәк қылып көрсеткісі келді”, – дейді актер.
Актердің сөзінше, сот барысында судья оған оқиға қоғамда резонанс тудырғандықтан, оны он тәулікке бас бостандығынан айыруға “тура келіп тұрғанын” түсіндірген. Әйтпесе, айыппұлмен де құтылатын нәрсе екен.
“Ол(Айнұр Нарзиева) сотта “Біз Асқар ағамен ұрысып қалдық, маған боқтады” дейді. Бірақ “Мен боқтадым, екеуміз де бір-бірімізге балағат сөздер айттық” деп айтпайды, мені ғана боқтағандай етіп көрсетті. Сөйтіп, мен “Артық сөйлеп, көңіліңе тисем, кешірім сұраймын. Анаңнан да кешірім сұраймын” дедім. Халықтың алдына шығып кешірім сұрау туралы әңгіме болған жоқ, сұрамаймын да”, – деді өнер иесі.
Өнер иесі өзінің жазасын өтегенін, бірақ қыздың да айыбы бар екенін алға тартты.
“Мен өз жазамды өтеп шықтым. Қаласаңыздар, мен де қоғамды шулатып, ол қызды жапқызайын. Мен де сол қыздың дәрежесіне түсейін. Ана жаққа он күнге барып, көріп келсін. Халық болып, “иә” десеңіздер, мен де сол нәрсені істеймін. “Жоқ, Асқар, оның дәрежесіне түсіп қайтесің” десеңіздер, әрқайсыңыздың пікіріңізді тыңдаймын”, – деді ол.
Кейінірек актер тағы жазба жариялап, райынан қайтып қалғанын айтты. Ол бұл шешімге көпшіліктің жазған пікірлерін толық оқып, бәрін саралай келе келген. Өнер иесі жанжалға жауап ретінде қарсы әрекет жасау дұрыс емес екенін атап өтті.
“Ит мені тістеді екен деп, мен де барып итті тістесем, одан айырмашылығым не?” Бәрін бір жаратқанға тапсырдым, осымен бұл жағдайды өзім үшін жаптым”, – деп жазды ол.
Оқиғаның мән-жайы
20 наурызда актердің әріптесі Айнұр Нарзиева Threads желісінде өзіне Асқар Жұмабектің шабуыл жасамақ болғанын айтып, видео жариялады. Жазба авторының айтуынша, сол күні сағат 10:00-ге түсірілім жоспарланған. Асқар Жұмабек әріптесінен өзін таңертең ерте оятуды сұраған көрінеді.
Ол Асқар сағат 09:55-те түсірілім алаңына келіп бірден ашулы түрде оны тым ерте оятқанына шағымданғанын айтты. Сонымен қатар Айнұр Нарзиева жариялаған видеода ер адамның агрессивті мінезін басқа команда мүшелері де растай алатыны айтылған. Айнұр Нарзиева жанындағы әріптестерінің арқасында актердің соққысынан аман қалғанын алға тартты.
Модельмен арадағы жанжалдан кейін Асқар Жұмабекпен серіктестері жұмысын тоқтатқан
"Жауыма да тілемеймін": Абақтыдан шыққан Асқар Жұмабек жан сырын ақтарды
Еске салайық, бұл актерге қатысты алғашқы дау емес. Ол Алматыдағы мейрамханада атақты олигархтар Бахарадин Әбләзімов пен Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлдарымен төбелесіп, 6,5 жылға сотталған еді. Алайда актер бір жылдан соң мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Сот оның жазасының өтелмеген бөлігін жеңілірек жазаға ауыстырды. Осылайша оның айыппұлмен ауыстыру туралы өтінішін қарастырып, шешім қабылдаған.