Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен әділдік үшін соңына дейін күресемін": Лукас Бақтияр Артаевты ұлттық құрамадан заңсыз шеттетті деп айыптады

Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас өзін ұлттық құрамадан Бақтияр Артаевтың заңсыз шеттеткенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Спортшы қыз қоғам алдында болған жанжалдан кейінгі жаңа ақпараттармен бөлісті.

коллаж артаев лукасЕске салайық, бұдан алдын Ангелина Лукас өзінің Instagram парақшасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаған болатын. Ол екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайды допинг қолданды деп айыптап, команда арасында қолайсыз жағдай болып жатқанын айтқан. Сондай-ақ, оның айтуынша, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев боксшыны ұлттық құрамадан себепсіз шығарып жіберген.

Енді ол Instagram-да жаңа мәліметтерді жариялап, әділдік үшін соңына дейін күресетінін жазды.

"Маған қолдау көрсеткен барлық адамға рақмет айтқым келеді! Кеше ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен ресми жауап келді. Жауап негізінде мен ұлттық құрамадан шығарылмағанмын. Әлі құрам есебіндемін.

Мен бұрын айтқанымдай, 3 қыркүйек күні Б.Артаев пен М.Мықтыбеков келіп, мені ұлттық құрамадан шығарып жібереді. Мен олардың қолында жаттықпағандықтан олардың бұлай жасауға мүлдем құқықтары жоқ. Және, олардың айтуынша, бұл бұйрықты ҚР Спорт министрлігі жазған. Алайда министрлік бұл туралы білмегенін айтады", – дейді ол өз жазбасында. 



Лукас 13 жасынан бастап Бақтияр Артаев атындағы спорт сарайында жаттыққандықтан, ол боксшыны қатты құрметтегенін жазады. Спортшы осылайша сүйікті кумирінің оқиғаның байыбына бармай жатып, ешқандай себепсіз ұлттық құрамадан шығарып жібергеніне қапалы екенін жеткізеді.

"Олар менің тағдырымды өз беттерімен шешкісі келді. Менің абыройым мен намысымды таптауға келді! Бірақ мен бір қадам да артқа шегінбей, шындық үшін соңына дейін күресетін боламын! 

Артаев маусым айында мемлекеттік жаттықтырушы болып тағайындалған кезде мен өте қуандым. Ол бұрынғы боксшы ретінде әділ болады деп ойладым. Бірақ оқиғаның қалай болып жатқанын көрдіңіздер...

Сондықтан да мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Мәдениет және спорт министрі Ақтота Райымқұловаға жүгіндім.

Біз Конституциялық заңдары бар елде өмір сүреміз. Егер сен Олимпиада және әлем чемпионы болсаң, бұл өз қолыңмен адам тағдырын шеше аласың деген сөз емес.

Бақтияр Артаев бұған дейін егер заңды бұзса жауап беретінін айтқан. Осылайша өзі де Мықтыбеков те заңды белшесінен басты. Мен бұл жағдайдан кейін тәртіп орнайды дем үміттенемін. 

Барлығы әділ түрде ринг төңірегінде өтсін! Мен өзімнің мықты екенімді тек шаршы алаңда дәлелдегім келеді! Сонымен қатар өз қарсыластарымның қай-қайсысымен де кездесуге дайынмын! Және мен де Артаев секілді қазақстандықпын, сондықтан ол мені ұлттық құрамадан заңсыз шығара алмайды!", – деп түйіндеді Ангелина Лукас.

Талқылау