Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Араларында кәмелетке толмаған бойжеткен де бар: Мемлекеттік туды қорлаған атыраулықтың бірі 15 тәулікке қамауға алынды

Атырау қаласында мемлекеттік туды қорлағандардың бірі 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ту атырау

Видеодан скрин

Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында өзге тілде жазуы бар мемлекеттік тумен фотоға түскен үш адамның ісі қаралды. 

Сот материалында көрсетілгендей, 3 адамға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің "Ұсақ бұзақылық” бабымен айып тағылған. Оның бірі – жасөспірім. 


Арабша жазуы бар Қазақстан туы Wildberries сайтында сатылымнан алынды


"2025 жылғы 23 наурызда азаматшалар Н, А және кәмелет жасына толмаған Х Атырау қаласындағы мұз айдыны ғимаратында араб тіліндегі жазуы бар Қазақстан Республикасының туымен суретке түскен. Суретті әлеуметтік желі арқылы таратып, ұсақ бұзақылық жасаған. Олардың кінәсі әкімшілік құқық бұзуышылық туралы хаттамамен, фотосуретпен, баянатпен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді", – делінген ақпаратта.

Сот қаулысымен құқық бұзушылар айып тағылған баппен кінәлі деп танылды.

"Н-ға кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту, адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы секілді жауаптылығын ауырлататын мән-жай ескеріліп, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. А-ға әкімшілік жаза ретінде 78 мың 640 теңге, кәмелетке толмаған Х-ның заңды өкіліне 39 мың 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды", – деп мәлім етті соттан.

Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда Қазақстан туын өзгертіп, арабша жазулар мен қылыш бейнеленген нұсқасымен фотоға түскен қара киімді төрт қыз ұсталғанын жазғанбыз.

Талқылау