Мемлекеттік туды қорлаған: Атырауда тағы бір жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты
Атырау сотында мемлекеттік Туды қорлаған тағы бір жасөспірімнің ісі қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
Атырауда 4 адам өзге тілде жазуы бар мемлекеттік Тумен фотоға түсіп, әлеуметтік желіде таратқан еді. Құқық бұзушылардың 2-еуі – кәмелетке толмаған жасөспірім.
Атырау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында мемлекеттік рәмізді қорлаған жасөспірімнің бірінің ісі қаралды. Кәмелет жасына толмаған жасөспірім А-ға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің "Ұсақ бұзақылық" бабымен айып тағылған.
"Сот материалында көрсетілгендей, 2025 жылғы 23 наурызда кәмелетке толмаған А басқа үш құқық бұзушымен бірге Атырау қаласындағы мұз айдыны ғимаратында араб тіліндегі жазуы бар Қазақстан Республикасының Туымен суретке түскен. Суретті әлеуметтік желі арқылы таратып, ұсақ бұзақылық жасаған. Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, фотосуретпен, баянатпен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді", – деп хабарлады соттан.
Сот қаулысымен кәмелетке толмаған А-ның заңды өкіліне әкімшілік жаза ретінде 39 мың 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Атырауда Қазақстан туын өзгертіп, арабша жазулар мен қылыш бейнеленген нұсқасымен фотоға түскен қара киімді төрт қыз ұсталған еді.
Еске салсақ, осыған дейін Атырау қаласында мемлекеттік туды қорлағандардың бірі 15 тәулікке қамауға алынғанын жазған едік.