Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды – Қасым Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Атырау қаласында өтіп жатқан ұлттық құрылтайда тіліміздің қолданылу аясын кеңейту мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін атап өтті.

“Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті”, – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр.

“Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек", – деп нақтылады мемлекет басшысы. 

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болмағанын айтты. 

Талқылау