Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіл курсына миллион теңге бөлмек": "Болашақ" бағдарламасына енгізілген "мемлекеттік қызметкер" санаты сынға ұшырады

Биыл жыл басынан "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік қызмет аппаратын одан әрі жақсарту мақсатында "мемлекеттік қызметкерлер" категориясы бекітілді. Енді оларға "магистратура" бағдарламасына қатысу үшін тіл курстарынан өту мүмкіндігі қарастырылған. Дегенмен бұл өзгеріс сынға ұшырады. Экономист Меруерт Махмұтова ел бюджетін үнемдеу үшін  "Болашақ" бағдарламасына қатысты біршама ұсынысын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: digg.com

Экономист Меруерт Махмұтованың сөзінше, бағдарлама бойынша білім алатындарға бір жылға 2 000 доллар (1 миллион теңгеден аса) жұмсалады. Ол Қосылған құн салығы көтерілетін кезде ел бюджетін үнемдеу тиіс деп есептейді.  

"Биыл "Болашақ" бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік қызметкерлер шетелде тіл курсынан өтеді. Бір жылдық бағдарламаның құны магистр дәрежесінің бір жылына баламалы. Сонымен қатар жол жүру шығындары, бару-қайту билеті және басқа да қажеттіліктері үшін 2 000 доллардан (1 миллион теңгеге жуық) астам шәкіртақы төленеді. Оған қоса басқа да артықшылықтар қарастырылған", – дейді экономист. 

Сондай-ақ Меруерт Махмұтова "Болашақ" бағдарламасын жетілдіру және бюджет қаражатын үнемдеу үшін бірқатар ұсынысын айтты: 

  • Мемлекеттік қызметкерлерді Қазақстандағы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары мен отандық жоғары оқу орындардың жанындағы тіл курстарына жіберу;
  • Мемлекеттік қызметкерлерді Қазақстан президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және Назарбаев Университетінің мемлекеттік басқару және мемлекеттік саясат мамандығы бойынша магистратураға оқуға жіберу (квота ұлғайту). Бұл университеттердің "мемлекеттік басқару" пәні бойынша халықаралық аккредитациясы мен шетелдік серіктестері бар;
  • "Мемлекеттік қызметкерлерді" санатын шетелдік университеттер мен ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту бағдарламасынан алып тастау. Барлық үміткерлерге олардың лауазымдық жағдайына қарамастан тең жағдайды қамтамасыз ету керек; 
  • Үнемделген бюджет қаражатын өңірлік жоғары оқу орындарының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағыттау (жатақханаларды, ғылыми зертханалар мен компьютерлік сыныптарды жаңғырту);
  • Шетелге шықпай-ақ Duolingo арқылы тіл үйренуге мүмкіндік берген жөн. 

Аталған ұсынысқа қатысты Stan.kz тілшісі "Болашақ" бағдарламасы мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне сауал жолдады. 

"Болашақ" бағдарламасы өкілінің хабарлауынша, енді мемлекеттік қызметкерлер шетелде оқуға дейін тілдік дайындықтан өтеді.

"Магистр дәрежесін алу үшін "мемлекеттік қызметкерлерді" атты жаңа санат енгізілді. Енді мемлекеттік қызметкерлер шетелде оқуға дейін тілдік дайындықтан өтеді. Алайда оқуды аяқтағаннан кейін Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарында міндетті түрде үш жыл жұмыс істеуі қажет. Оқу аяқталғаннан кейін түлек алғашқы бір жылдық еңбек қызметін оны оқуға жіберген мемлекеттік органда өтеуі тиіс. Бұл мемлекеттік сектор қызметкерлерінің құзыреттілігін арттыруға және басқарудың халықаралық тәжірибелерін енгізуге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада. 



"Болашақ" бағдарламасы өкілінің мәліметінше, тіл курстары "мемлекеттік қызметкерлерді" санатына ғана қарастырылмаған. 

“Тіл курстары тек "мемлекеттік қызметкерлерді" санаты үшін ғана емес, "ауылдық жерлерден келген үміткерлер", "инженерлік-техникалық қызметкерлер" және "медицина қызметкерлері" үшін де қарастырылған. Тіл курсы Қазақстанда (9 ай) және шетелде (3 ай) ұйымдастырылады. Бұл санаттағы үміткерлердің шетелдік университеттерге өз бетімен түскендерден айырмашылығы – шет тілін меңгеру деңгейі туралы сертификат тапсырады. Аталған үміткерлер жалпы негізде конкурстық іріктеуге қатысады. Олар үшін ешқандай артықшылықтар немесе жеңілдіктер қарастырылмаған", – делінген хабарламада. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, "мемлекеттік қызметкерлерді" санатын қосу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу талап етілмейді. 

"Барлық шығындар бөлінген лимиттер шеңберінде қарастырылған. Қазіргі уақытта бағыттар немесе мамандықтар бойынша жекелеген квоталарды бөлу шетелдік стипендиялар мен жоғары оқу орындарының, қазақстандық стипендиялардың әдеттегі тәжірибесі саналады", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін 20 қаңтарда ғылым және жоғары білім министрлігі "Болашақ" стипендиясын алу және жүзеге асыру ережелеріне өзгерістер енгізілгенін хабарлаған еді. Жаңартылған ережеге сәйкес, іріктеуден өткендер ғана шәкіртақы ала алады. Бұрын жыл соңына дейін күту қажет болса, енді сол күнтізбелік жыл ішінде қайта өтініш беруге болатыны айтылған. 

Талқылау