Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары ауысты

Фото: Ұлан Бекіш және Айнұр Серғазиева

Мемлекет басшысының өкімімен Айнұр Қамидоллақызы Серғазиева Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылып, орнына Ұлан Абдилкаилұлы Бекіш тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сондай-ақ Президент өкімімен Ұлан Абдилкаилұлы Бекіш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Өкімнің мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Айта кетейік, 

Айнұр Серғазиева 1991 жылы 23 маусымда дүниеге келген. Ол Алматы энергетика және байланыс университетін "радиотехника, электроника және телекоммуникация" мамандығы бойынша, техника және технология бакалавры, техника ғылымдарының магистрі мамандығы бойынша бітірген.

2010-2013 жылдары - "Алматы энергетика және коммуникациялар университеті" КЕАҚ орта білім беру маманы қызметін атқарған.

2013-2015 жылдары – "Алматы энергетика және коммуникациялар университеті" КЕАҚ жоғары білім беру маманы мен оқу жұмысын үйлестіру және әдістемелік қамтамасыз ету секторының меңгерушісі болған.

2016-2018 жылдары – "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жетекші маманы.

2018-2022 жылдары – "Зерде" ұлттық инфокоммуникация холдингі" АҚ жобаның бас менеджері/бағдарлама жетекшісі/Мемлекеттік бағдарлама аймағының басшысы/жауапты хатшы/басқарушы директор қызметінде болған.

Айнұр Серғазиева әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көпшілікке танымал болған. Бірнеше жыл бұрын ол агенттік төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған кезде, желі қолданушылары оның Instagram-дағы ашық парақшасына назар аударған.

Онда шенеунік сән-салтанатты өмір салтын жасырмай көрсеткені айтылды. Парақшасында брендтік сөмкелерін, зергерлік бұйымдарын, шетелдегі демалысын жариялап отырған. Дубайдан жариялаған суреттерінің біріне "Ақша жұмсап, күліп жүретін көңіл күй" деп жазба қалдырғаны да әлеуметтік желіде қызу талқыланған.

Қоғамдық пікірден кейін оның парақшасындағы бірқатар жарияланымдар өшірілгені белгілі болды.

Ал Ұлан Абдилкаилұлы Бекіш 1986 жылғы 5 қазанда бұрынғы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Информатика саласының маманы, философия докторы (PhD), Халықаралық информатизация академиясының академигі. Жетісу мемлекеттік университетін І. Жансүгіров атындағы оқу орнын "Информатика" мамандығы бойынша үздік бітірген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын 2008 жылы ақпараттық технологиялар саласында лаборант әрі маман ретінде бастаған. 2009-2016 жылдары Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық орталықтарда ақпараттық жүйелерді енгізу және дамыту бағытында түрлі басшылық қызметтер атқарды. Кейін "Ұлттық инфокоммуникациялық холдинг "Зерде" АҚ-да цифрлық трансформация департаментінің директоры болды.

Сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде басқарма мүшесі – проректор қызметтерін атқарған. 2022 жылдың сәуір айынан бастап "Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталық" АҚ-ның бас директоры.

Біліктілігін арттыру және халықаралық тәжірибе алмасу курстарынан Түркия, Ресей, Польша, БАӘ, Словения, Беларусь және Оңтүстік Кореяда өткен.

30-дан астам ғылыми және 40 публицистикалық мақаланың, оқу құралы мен монографияның авторы. "Нұр Отан" партиясының мүшесі.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 09:17