Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік грантын жұмыс істеп өтеген түлектер миллиондап айыппұл арқалаған: Бұған ғылым министрлігі не дейді

Күнтізбе және мантияФото: freepik.com

Кейінгі кезде мемлекеттік грантпен білім алып, кейін жұмыс істеп өтеген мамандардың шоттарын бұғаттап тастаған жағдайлар кездесіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Таяуда Threads желісінде Арай Нұрланқызы есімді оқырман мемлекеттік грантты өтеуге қатысты өз басынан өткен оқиғасын бөлісті. Өзінің жазуынша, ол шотының бұғатталғанын 2 млн 400 мың теңге айыппұл салынғанда бір-ақ білген. Қаржы орталығы жас маманның 3 жыл мектепте жұмыс істегенін есепке алмаған, оған қоса сот шешімі сырттай шығарылған. Тағы бір желі қолданушысы Қаржы отралығына уақытылы анықтамасын тапсырмағаны үшін 4 млн теңге айыппұл арқалағанын жазған.

Кей түлектерді он жылдан кейін де сотқа беріп жатқан жағдайлар кездеседі. Осы мәселеге қатысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ғылым және жоғары білім министрлігі өкіліне сұрақ қойылды. 

"Кей жағдайларда жұмыс істемейтін адам былай тұрсын, мамандық бойынша жұмыс істейтін адамға тікелей ескертусіз сот орындаушысы хабарласып, банк шоттарын бұғаттап тастайды. Бұл қаншалықты заңды?", –  деп сұрады журналист.

"Кез келген түлекті он жылдан кейін іздемейміз. Соттың шешімінсіз шоты бұғатталса, бұл заңсыз болып саналады. Ондай фактілер болса, түлектің  Қаржы орталығындағы құжаттарын көтеріп, құжаттары сотқа қандай себептермен тапсырылғанын зерделеу керек.

Жұмысқа орналасу көрсеткішіне байланысты қоғамда "оқыттық, сонда да жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен" деген көптеген пікір қалыптасып жатыр. Қаржы орталығы тарапынан міндетті түрде бақылау жүргізіліп отыр. Сотқа материалдар жолданып жатыр. Ең соңғы шешімді сот қабылдайды", – деп жауап берді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ақерке Абылайхан.

Комитет төрағасы мемлекеттік грантпен білім алған түлектер негізсіз сотқа берілмейтінін атап өтті. Ал оның грантты өтеген-өтемегені зейнетақы қорындағы мәліметтерінен және жұмысқа орналасқаны туралы құжаттары негізінде тексеріледі.

"Мемлекеттің қаражатына оқытқаннан кейін мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алған азамат өз міндетін еңбекпен өтеуі шарт. Бұл мәселемен арнайы Қаржы орталығы айналысады. Студент оқуын бітірген соң жұмысқа орналасуы қажет. Егер Қаржы орталығы сотқа беріп жатса, бұл негізсіз болмайды. Себебі әрбір адамның құқығы бар. Бірінші кезекте зейнетақы қорынан жұмыс орнынан қаншалықты түсім түсіп жатқаны туралы мәліметтер, студенттің жұмысқа орналасқаны туралы ақпарат қаралады. Сондай құжаттар болмаған жағдайда сотқа беріледі.

Сот процесі жүріп жатқан бітіруші түлектер бар. Себебі елімізде педагог мамандар, медицина мамандары жетіпейді дейміз. Олар қайда? Мемлекеттік тапсырыспен қаншасын оқытып жатырмыз. Бұл азаматтарды грантпен оқытқаннан кейін жұмыспен өтеу міндеттемелері бар. Сондықтан ел қаражатына оқығаннан кейін түлектер міндетті түрде бақылауда болады", – дейді Ақерке Абылайхан.

Оның айтуынша, түлек магистратураға түссе немесе әскерге шақырылса, бала күтіміне байланысты себептер болып жатса, мемлекеттік грантты өтеу міндеттемесінен босатылады.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 28 Тамыз, 2025 16:27
Талқылау