Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды

СтуденттерФото: Getty images

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Telegram-дағы арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2025 жылғы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 113 мыңға жуық өтініш қабылданған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп.

Сондай-ақ гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін заңнамада белгіленген квоталар сақталған.

Грант нәтижелерін ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтынан, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтынан білуге болады.

Мемлекеттік білім беру гранты туралы куәлік үш жұмыс күні ішінде ғылым және жоғары білім министрлігінің ұлттық тестілеу орталығының сайтында қолжетімді болады. Жоғары оқу орындарына құжаттар 25 тамызға дейін қабылданады.

"Экономиканың басым салалары үшін жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында білім беру гранттарының жалпы санының 60%-ы инженерлік және техникалық бағыттар бойынша бөлінді. Конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы 99% игерілді", – делінген министр хабарламасында.

Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, биыл "Серпін" бағдарламасы халық тығыз қоныстанған өңірлердің жастары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Конкурс нәтижесі бойынша 2 мыңнан астам грант иегері Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық өңірлеріндегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алмақ.

Жалпы AMANAT партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында биыл 77 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік жетекші университеттермен серіктестікте жұмыс істейтін 20-ға жуық жоғары оқу орны студенттерді қабылдай бастады. Бұл – Қазақстанды өңірлік білім хабы ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Дарынды жастарды қолдау мақсатында конкурссыз берілетін гранттар қарастырылған, олар – халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары", – делінген хабарламада.

2024 жылы алғаш рет оқуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін жабатын сараланған гранттар тағайындалды, қалған соманы иегерлер өз қаражаттары есебінен немесе жеңілдетілген оқу несиесі арқылы төлей алады. 2025 жылы сараланған гранттар саны 300 грант болды. Сараланған гранттар бойынша конкурс осы жылдың қыркүйек айында өтеді.

Алғаш рет мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан азаматтар үшін 2 010 білім беру гранты бөлінді. Бұл шара әскери қызметін өтеп болған соң әскери қызметшілердің әлеуметтік бейімделуін қолдауға және жоғары білім алуға тең мүмкіндік беру мақсатында қолға алынды.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 15:23
Талқылау
`