Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жиһаз түгілі газ, пеш, қол жуатын жер жоқ": Қазақстандық параспортшы әкімдік берген үйде тұра алмай жатқанын айтып, халықтан көмек сұрады

Әлемдік пара-би жарысында бірнеше рет жүлде иеленген 22 жастағы қазақстандық параспортшының халықтан көмек сұраған видеосы желіде тарады. Лестеин Асламбеков – балалар үйінің түлегі және ерекше қажеттігі бар азамат. Ол әкімдіктен жалға алуға берілген Жетісу облысы Бақтыбай ауылында орналасқан үйіне көңілі толмайтынын жеткізді. Сол үшін баспанасына жабдық пен жиһаз алуға қаражат қажет екенін айтқан. Stan.kz тілшісі Жетісу облыстық әкімдігінен жағдайды нақтылып, параспорт чемпионына қандай қолдау көрсетілетінін сұрап білді.

Фото: Лестеин Асламбеков

Лестеин  Асламбеков – пара би спортының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол 2011 жылдан бері арбада отырып, спорттық бал биін билейді. Тірек-қимыл аппараты зақымданғандықтан, ерекше қажеттігі бар спортшылармен сайысады. Сондай-ақ Лестеин балалар үйінде тәрбиеленген. 

Параспортшы 2019 жылы Нидерландыдағы халықаралық лицензиялық турнирде және Санкт-Петербург қаласында өткен әлем кубогында 2-орын иеленген. Тіпті Ресейдегі жарыста 9 дүркін чемпионды артта қалдырыпты. 

Жігіт қазір Жетісу облысының Ескелді ауданында тұрады. Ол спортқа арнаған төрт жылы бағаланбағанын, нәтижесінде қазір пара бимен айналыспайтынын жеткізді. 

“Әрі қарай спортқа оралғым келмейді. 4 жыл спортпен айналысып, жеңіс әкелгенім үшін мемлекеттен темір-терсектен (ред. – кубок, медаль) басқа ештеңе берілмеді. Ешқандай ақшалай қолдау, сыйақы, сыйлықтар алған жоқпын”, – деді Асламбеков. 

Ол жетім әрі мүмкіндігі шектеулі бала болған соң 2013 жылы үй алуға кезекке тұрған екен. Биыл 29 қаңтарда кезегі келіп, Жетісу облысы Ескелді ауданы Бақтыбай ауылынан жалға берілетін 3 бөлмелі үй берілді. Ерекше санатта болғандықтан, үйді жалға алғанға ақша төлемейді. Бірақ әлем чемпионатын жеңгені ескерілмегеніне қынжылады. 

Параспорт жеңімпазы әйелі және 4 жасар қызымен сол үйге көшіп барған. Бірақ үйдің жағдайы көңіл көншітпейді дейді. Сөзінше, үйде мүлдем жабдық жоқ, жиһаз түгілі газ, пеш, қол жуатын раковина қондырылмаған. Сол үшін ол желі қолданушыларынан үйге жиһаз алуға көмек сұрады.

“Асүй жиынтығы, диван, шкаф, кілем сынды нәрселер керек. Ескі жиһаздарыңыз болса, берсеңіздер деймін. Қаржылай көмек беруге де болады”, – делінген TikTok-та тараған видеожазбада. 

Stan.kz тілшісі Жетісу облыстық әкімдігіне жағдайға қатысты түсініктеме сұрап, хабарласты. Әкімдік осы жайттан соң жиһаз, көмір апарып бердік дейді.

“Ескелді ауданы әкімдігінің, Бақтыбай ауылдық округі әкімі аппаратының, демеушілердің және тұрғындардың көмегімен жаңа асүй жиынтығы орнатылып берілді. Тоңазытқыш, диван, төсек, шкаф, көмір, отын, жастық, көрпе, матрас, төсек жабдықтары берілді”, – деп жазды әкімдік.

Ведомство мәліметінше, пара би бойынша халықаралық жарыстардан үздік нәтиже үшін ай сайынғы ақшалай сыйақы қарастырылмаған. Сол үшін оны спорт мектебіне жұмысқа шақырдық деп отыр.

“Пара би мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған би болғандықтан, ол олимпиадалық спорт түріне жатпайды. Сондықтан оған мемлекет тарапынан спорттық сыйақы берілмейді. Лестеинге облыстық спорт мекемесіне параолимпиадалық спорт түрлеріне жаттықтырушы ретінде жұмыс ұсынылды. Айлық алуына мүмкіндік бар, оған қоса мүгедектігіне қарай жәрдемақы бар. Спортшы ретінде қайта оралса, оны ЖОО-ға грантқа түсіру үшін құжат тапсыруға мүмкіндік бар”, – деп мәлімдеді Жетісу облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Талқылау