"Мемлекет мәдени ықпалынан айырылады": Қазақстандық кино саласының өкілдері шетелдік және отандық фильмдерге тең жағдай жасауды талап етті
21 тамызда Қазақстан баспасөз клубында Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ-на тиесілі мемлекеттік мүлікті заңсыз иемдену және уәкілетті мемлекеттік органдардың күдікті әрекетсіздігіне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясында отандық киноиндустрия өкілдерінің, салалық қоғамдық бірлестіктер жетекшілерінің қатысуымен ұлттық кинопрокаттағы мәселелер, Kinopark-Kinoplexx кинотеатрлар желісінің монополиялық жағдайы, мемлекеттік қаржыландыру алатын фильмдерді іріктеу кезінде жіберілген заңбұзушылықтар талқыланды.
Баспасөз конференциясына қатысқандар:
- Айдар Баталов — Қазақстан кинематографистер лигасының төрағасы;
- Адай Абельдинов — Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы;
- Ерлан Төлеутай — актер, редактор, Қазақстан кинематографистер одағы басқармасының мүшесі;
- Гүлжан Сазанбаева — ҚР тәуелсіз аудиторы;
- Айбек Құдабаев — кинотанушы, режиссер;
Талқыланған мәселелер:
1. "Кіру сомасы" талап етілген
“Бірнеше жыл бұрын Kinopark-Kinoplexx желісіне отандық фильмдерді шығару үшін продюсерлерден 20 млн теңге көлемінде "кіру сомасы" талап етіле бастаған. Бұл қаражат ресми түрде есепке алынбай, парақорлықтың жасырын түріне айналды. Продюсерлердің көбі көрерменнен айырылып қалудан қорқып, үнсіз көнді. Бұл "көлеңкелі салықтардың" жүйелі тәжірибесіне, отандық киноның көп бөлігінің рентабельділігін жоғалтуына және мемлекет кірісінен айырылуына алып келді”, – делінген хабарламада.
2. Ақшалай қысым арттты
2025 жылдың сәуірінде Kinopark-Kinoplexx және оған аффилиирленген Kinojarnama жаңа прейскурант жариялап, фильмді олардың желісінде көрсету құны 400 млн теңгеге дейін жетті. Сөздерінше, шетелдік фильмдер мұндай талаптан босатылған, ал қазақстандық студияларға бұл "маркетингтік қызметтерді" дерлік міндетті түрде сатып алу жүктелген. Бұл ұлттық белгі бойынша тікелей дискриминация, бәсекелестік заңнамасын өрескел бұзу деп санайды.
3. Мемлекеттік мүлікті конкурссыз пайдалану
14 наурызда "Қазақфильм" АҚ "Қызғылт қоян туралы хикая" фильмінің жалғасын түсіру туралы Tiger Films компаниясымен меморандумға қол қойды. Бұл фильмнің құқықтары мемлекет меншігінде болғанымен, серіктес конкурссыз, ашық питчингсіз таңдалды.
4. Мемлекеттік құрылымдардағы лоббизм
Министрлік жанындағы Мемлекеттік ұлттық киноны қолдау орталығының (МҰКҚО) сараптамалық кеңесіне Kinojarnama директоры Бибіжамал Бекенованың енгізілуі тікелей мүдделер қақтығысын туындатты. Ол продюсерлерден ақы жинап қана қоймай, соларға мемлекеттік қаржы бөлуге шешім қабылдайды.
5. "Қазақфильм" және "құпия келісімдер"
30 маусымда "Қызғылт қоян туралы хикая-2" түсірілімі "Қазақфильмнің" павильондары мен техникасы арқылы басталды. Бірақ студия өкілдері жобаны "жүзеге аспаған" деп мәлімдеді.
6. Ғимараттарға иелік ету әрекеті
“Kinopark және онымен байланысты құрылымдар "Қазақфильмнің" бірқатар нысандарына көз тігіп отыр. Бұл кезеңде Министрлік "Қазақанимацияны" Астанаға көшіру идеясын көтеріп, Алматыдағы студия аумағындағы 1500 шаршы метрден астам орынды босатуды бастады. Ол орындар Kinopark пен оның серіктестеріне берілмек. Бұл — қазақстандық кино нарығын толық монополиялауға апаратын қадам”, – делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық киноны дамыту қажет екенін мәлімдеді. Алайда баспасөз конференциясына қатысушылардың сөзінше,мәдениет және ақпарат министрлігінің нақты саясаты мұны құптамайды.
"Е-кино" жүйесі 2019 жылдан бері іске қосылуы тиіс еді, бірақ әлі жұмыс істемейді. Қазақстандық фильмдер міндетті алдын ала көрсетілімнен өтеді, ал Голливуд картиналары прокат куәлігін автоматты түрде алады. Министрлік іс жүзінде реттеуден бас тартқан. Прокат куәлігін беру кезіндегі екіұштылығы — кәсіби деңгейдің төмендігін, ал Kinopark монополиясына қарсы әрекетсіздігі – дағдарысты күшейтіп отырғанын көрсетеді", – деді Айдар Баталов.
"Отандық фильмдер шетелдіктерге қарағанда анағұрлым ауыр жағдайға түсті. Продюсерлер жылдар бойы фильм түсіреді, тәуекелге барады, ал соңында фильмді экранға шығару үшін миллиондаған теңге төлеуге мәжбүр. Бұл индустрияны тұншықтырады. Ал ұлттық кино — мәдениетіміздің негізгі бөлігі", – деді актер Ерлан Төлеутай.
Ал кинотанушы Айбек Құдабаев "Қазақфильм" ресурстарын жеке құрылымдарға беріп отыр деп санайды. Сөзінше, мұндай жағдайда тәуелсіз продюсерлерде мүмкіндік қалмайды. Бұл көрерменнің таңдауын азайтады, мемлекет мәдени ықпалынан айырылады дейді.
Қатысушылар "Кіру сомасын" заңнамалық тұрғыда тоқтатып, прокат куәлігін беруде шетелдік және отандық фильмдерге тең жағдай жасауды талап етті. Сондай-ақ "Қазақфильм" қызметіне тәуелсіз аудит жүргізу және Kinopark-пен аффилиирленген тұлғаларды сараптамалық кеңестерден шығару қажет деп санайды. Одан бөлек "е-кино" жүйесін дереу іске қосып, "Қазақфильм" нысандарын жеке компанияларға беруді тоқтату қажет деді.
"Бүгін Kinopark бүкіл индустрияға ереже қойып отыр. Ертең олар қандай фильмдер түсірілетінін де анықтайды. Бұл — ұлттық киноның жойылуына апаратын жол", — деді Адай Абельдинов.
Қатысушылар Агенттікке ғана емес, қоғамға, БАҚ-қа, халықаралық ұйымдарға үндеу жолдап, ашық талқылау мен мемлекеттік шешімді шаралардың ғана монополияны тоқтатып, ұлттық киноны сақтап қала алатынын мәлімдеді.

Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесін басқа мектептерге беру үшін 22 млрд теңге бөлінген: НЗМ қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы айтудан бас тартты
