Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев құрылысына 24 миллиард теңге жұмсаған Шымкент әуежайының терминалымен танысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке барды. Президент ресми сапар барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму тынысымен танысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы әуелі Шымкент әуежайының жаңа терминалымен танысты. Президенттің қаланы дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған әуежайдың құрылысына жеке инвестор 24 миллиард теңге жұмсаған.

Алдағы уақытта қалада авиациялық хаб қалыптастырылмақ. Бұл әуе қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға дейін ұлғайтуға, Еуропа мен Азияның бірқатар еліне рейстер ашуға мүмкіндік береді. 

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Сондай-ақ президент стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан Almaar Logistics сауда-логистика орталығына барды. Аумағы 24 мың шаршы метр болатын көп функционалды кешен құрылысына жеке инвестор 14,8 млрд теңге қаржы құйған. Орталық өнім сақтаудың озық технологиясымен жабдықталған. Сонымен қатар тез бұзылатын азық-түлікті ұзақ сақтамай, барынша жедел таратуға мүмкіндік беретін жүйе енгізілген. 



Мемлекет басшысы өңір кәсіпкерлерімен де кездесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады. Қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Тоқаевқа жылыжай кешендерін салуға түркиялық Alarko Holding компаниясы 650 миллион доллар, ал Польшаның Fabe Polska SP кәсіпорны 136 миллион доллар көлемінде инвестиция құюға ниетті екені айтылды.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты жиын өткізген еді. 

Талқылау