Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстандағы жағдай: Тоқаев Жапаровтың ел бірлігін сақтауға бағытталған шешімдерін қолдады

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентімен телефон арқылы сөйлестіФото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан Президенті қазақ-қырғыз қарым-қатынасының оң динамикасына тоқталып, оған тұрақты саяси диалог, екі ел үкіметтері мен іскер топтары арасындағы белсенді ықпалдастық септігін тигізіп отырғанын атап өтті.

“Бауырлас елдердің көшбасшылары сауда-экономика, көлік-логистика және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастықтың қарқынды түрде дамып келе жатқанына назар аударды”, – делінген хабарламада.

Президенттер достық, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы мемлекетаралық байланыстарды одан әрі кеңейтуге бейіл екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа елімізде Конституциялық реформа жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жаңғырту мемлекеттің қарыштап өркендеуіне негіз қалайды. Қырғызстан Президенті Қазақстандағы ауқымды өзгерістерді қолдайтынын мәлімдеді.

Мемлекеттер басшылары өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде ортақ пікірде екенін жеткізді.

Қазақстан Президенті Бішкекте ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары секілді маңызды халықаралық іс-шаралардың табысты өтуіне тілектестік білдірді.

“Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың ел бірлігін сақтауға, қырғыз мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған шешімдерін қуаттады”, – делінген хабарламада.

Қырғызстандағы жағдай

Айта кетейік, бұған дейін Қамчыбек Ташиевтің Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – ҰҚМК төрағасы қызметінен босатылғаны белгілі болды. 

Сондай-ақ Қырғызстанда Президент жанынан Мемлекеттік күзет қызметі құрылды.

Одан кейін Садыр Жапаров елдегі мемлекет басшысын мерзімінен бұрын сайлауға қатысты нормаларды түсіндіруді сұрап, Конституциялық сотқа жүгінді. Бұдан кейін парламент спикері Нурланбек Тургунбек уулу өз еркімен өкілеттігін тоқтатты.

Сонымен қатар Жапаров елдің солтүстігі мен оңтүстігі болып бөлінуіне жол бермейтінін мәлімдеп, мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкіндігін жоққа шығарды.

Бүгін Қырғызстан ҰҚМК-ның жаңа төрағасы болып Жұмғалбек Шабданбеков тағайындалды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 16:45