Мемлекет басшысы Геннадий Головкинді І дәрежелі “Барыс” орденімен марапаттады
Фото:Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында World boxing ұйымының президенті болып сайланған Геннадий Головкинді қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады. Бұл шешімді даңқты спортшының әлемдік боксты дамытуға қосқан үлесінің, кәсібилігі мен мінсіз абырой-беделінің мойындалғаны деп бағалады.
“Сіз әлемдік спорттың дамуына зор үлес қостыңыз. Қазақ бокс мектебінің бай дәстүрін лайықты деңгейде танытып, дүние жүзінің елімізді бокс державасы ретінде мойындауына ықпал еттіңіз. Өмір жолыңыз көптеген жарқын жеңіске толы. Оған күш-қуат, рух, табандылық, ішкі тәртіп секілді қасиеттеріңіз арқылы жеттіңіз. Бұл елімізде ғана емес, шет мемлекеттердегі миллиондаған жастың жігерін жаниды. Есіміңіз әлемдік бокс тарихына алтын әріппен жазылғанына еш күмән жоқ”, – деді Президент.
Президент Головкиннің басқару ісіндегі нәтижелерін ерекше атап өтіп, спорттағы жетістіктерін ескеріп, оны Ұлттық олимпиада комитетінің президенті қызметіне үміткер ретінде ұсынғанын жеткізді. Сондай-ақ қысқа мерзім ішінде ұлттық спорт федерацияларымен тығыз байланыс орнатып, Халықаралық Олимпиада комитетімен өзара жұмысты жолға қойғаны үшін алғыс білдірді.
“Сіздің басқару саласындағы жетістіктеріңізді айрықша атап өткім келеді. Спорттағы еңбегіңізді ескере отырып, Сізді Ұлттық олимпиада комитеті президенттігіне үміткер ретінде ұсындым. Ұлттық спорт Федерацияларының барлығымен байланыс орнатып, аз уақытта көп іс тындырғаныңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Халықаралық Олимпиада комитетімен ынтымақтастықты жолға қойдыңыз, деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы, Головкин кәсіби мансабында жаңа белеске қадам басқанын сонымен қатар жаһандық спорт ұйымын басқарып отырған алғашқы қазақстандық екеніне де ерекше тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев оның біліктілігі мен тәжірибесі федерацияның дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
“Бүгінде спорттық мансабыңыздағы " жаңа кезеңге аяқ бастыңыз. World Boxing федерациясының президенті болып сайландыңыз. Жұмыс енді ғана басталды. Алдыңызда атқаратын қыруар шаруа тұр. Сондай-ақ Сіздің жаһандық деңгейдегі спорттық құрылымды басқарып отырған алғашқы қазақстандық екеніңізді айта кету керек. Кәсіби біліктілігіңіз ұйымды жаңа белеске көтеріп, бокс көкжиегін кеңейтетініне сенімдімін”, - деді Президент.
Мемлекет басшысы отандық спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбегі үшін Геннадий Головкинді І дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.
Геннадий Головкин еңбегін жоғары бағалағаны, сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ боксты одан әрі дамытуға, осы спорт түрінің еліміздегі және халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады