Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Меломен» тобы: Жетім-жесірлерді азайту үшін тоқал алуға болады

Соңғы кездері «Меломен» тобында үнсіздік орын алғандай. Бұл тыныштықтың мән-жайын білу үшін Stan.kz тілшісі топ мүшесі Ғабитпен сұхбаттасты.

– Ғабит қайырлы күн. Алғашқы сұрақты, шығармашылық жаңалықтан бастайықшы. Қандай сүйінші жаңалықтарыңыз бар?

– Алла қаласа, ақпан-наурыз айларына жоспарланған жеке кешке дайындық үстіндеміз. Бұйыртса, Республика сарайында өзіміздің есеп беру кешімізді өткізсек деген ниеттеміз. Және де үш бірдей әнге бейнебаян түсірдік. Қазір монтаж жасалуда. Бауыржан ағамызбен (авт. Есебаев) қарқынды жұмыс басталып, қазір уақытымыз тапшы болып жүр. Осы жуық арада бірден он ән жаздық. Барлығы да Бауыржан ағамыздың туындылары. Жуырда халыққа таралып, өз бағасын алады деп сенеміз. Одан бөлек тағы бір сүйінші жаңалығымыз бар. «Сені ойласам» деген телехикаяға дайындық басталып кетті. Алла қаласа, түсірілім басталған кезде алғаш болып сіздерден сүйінші сұрайтын боламыз.

– Бауыржан мырзадан өзге қандай сазгерлермен жұмыс жасап жатырсыздар?

«Меломен» тобы ең алғаш құрылған кезде Ұлықпан Жолдасовпен жұмыс жасадық. Репертуарымыздағы оннан астам ән сол кісінің гитарасынан шыққан. Ал, қазір Бауыржан Есебаев ағамыздың ғана әндерін орындап жүрміз. Бірақ, жас, кретивті композитор бауырларымыз әндерін ұсынып жатса, ағамызбен ақылдасып, ойымыздан шығып, ұнап жатса жұмыс жасауға еш қарсы емеспіз.

– «Меломен» тобы хитті қайдан іздейді?

– Хит әнді Бауыржан Есебаев деген біртуар азаматтан іздейміз. Әрине, шын жүректен шыққан әндер тыңдарманның жүрегіне жетіп, хит боларына сенеміз.

– Топтың экс-мүшесі Жігермен қарым-қатынастарыңыз қандай?

– Жігермен әрине, араласамыз. Арамызда болған келіспеушілік, аздаған реніштер өткеннің еншісінде қалды. Қазір, Аллаға шүкір, бәрі жақсы.

– Бәлкім, бауырларыңызбен дуэт жазып, жанкүйерлеріңізді қуанту қажет шығар?

– Біз болашаққа бал аша алмаймыз. Алайда, дуэт болып қалуы мүмкін. Бұл туралы бізге көптеген инстаграммда хаттар да, өтініштер де келіп жүр. Нақты болады, болмайды деп тоқетерін айта алмаймыз. Бәрі уақыттың еншісінде.

– Бір кездері топ мүшелері жеке-жеке ән жазуға кірісіп едіңіздер. Одан әрмен қарай дамыту ойда жоқ па?

– Жеке ән жазу деген әзірге біздің жоспарымызда жоқ. Бұл мәселе тоқтап тұр. Қазіргі басты мақсатымыз – топтың шығармашылығын күшейту, «Меломеннің» арбасын алға өрбіту.

– Қазір екінің бірі әуесқой сазгер атанып жүрген заман. Сіздердің мұндай қасиеттеріңіз жоқ па?

– Негізі әр істі өз маманына тапсырған жөн ғой. Сондықтан, сазгерлермен жұмыс жасаймыз. Бірақ, ән шығару үшеуміздің де бойымызда бар. Болашақта жазған туындыларымыз өзімізге де, продюсерімізге де ұнап жатса, неге жарыққа шығармасқа деп ойлаймын.

– Саяси мәселелерге қаншалықты көңіл бөлесіздер?

– «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар ғой. Жалпы, өзіміз кез-келген саяси мәселелерді зерттеп, біліп, дұрыс-бұрысын саралап жүруге тырысамыз. Бұл отанға деген махаббат пен жауапкершілік деп білемін.

– Қоғамды екіге бөліп тұрған латын әліпбиіне көзқарастарыңыз қандай?

– Латын әріптерін біздің топ екі қолын көтеріп қолдайды. Себебі,бұл әлемдік ондыққа іліккен әліпби. Әлемнің алпауыт мемлекеттері мойындаған әліпби. Жалпы, латын әріптеріне көшу біздің тіліміздің көш ілгері жылжуына үлкен мүмкіндік сияқты. Тәуелді болып келген өзге тілден ана тіліміз түбегейлі құтылады деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, КСРО тараған кезде, әр ел өзінің тәуелсіздігін алған сәтте көпшілігі бірден латын әліпбиіне көшті. Бұл әлемдік нарыққа отандық дүниені ұсынар кезде де ең ыңғайлы амал болып тұр. Қазақ тілінің өзіне тиілісі әріптері де белгілер арқылы айшықталады. Бұл туралы Елбасымыз шешім қабылдаған екен, яғни, толықтай зерттелді деген сөз. Ендеше, қарсы шығудың еш себебі жоқ.

– Биыл қазақ шоу-бизнесінде «жұлдызды тоқал» жылы болғандай. Өздеріңіз көпәйел мәселесін қолдайсыздар ма?

– Негізі, нағыз еркек бұл мәселені қолдайды деп ойлаймын. Және «Меломен» тобының жігіттері де қолдайды. Себебі, шариғатта рұқсат бар. Оның үстіне, еліміздің демографиясын көтеруге және кәрі қыздардың санын азайтуға, сондай-ақ, жетім-жесіріне қорған болуға үлкен себеп әрі мүмкіндік деп білеміз.

– Кредит алып, той жасау сәнге айналғандай. Бұл тақырыпқа да сіздердің ойларыңызды біле кетсек…

– Кредит деген нәрседен Құдай сақтасын. Атының өзі айтып тұрғандай «кіреді ит» деген мағынаға саяды. Бұл ит кірген соң берекенің тас-талқанын шығарады. Ол мәселені Алла Тағала Құранда айтып қойған. Мүмкін білімсіздік кезінде, харам екенін білмей тұрғанда алған шығармыз. Бірақ, менің өз басым алған емеспін. Алмаймын да. Тіпті, той өтпей қалса да кредит алмаймын. Кредит арам дүние болғандықтан да жақындамаған абзал. Меніңше, кредит алып той жасап, кейін ажырасудың да басты себебі осы адал емес дүниенің араласуы секілді.

– Ашық сұхбатыңызға рахмет. Сүйінші жаңалықтарыңыз көп болсын.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Жіберіп алмаңыз:

Кәмшат Жолдыбаеваның сіңлісі шоу-бизнесте төсек қатынасын ұсынғандар туралы айтты

Мәдина Сәдуақасова күйеуінің қызғанышынан құтылу үшін көмекші жігіттерді жұмыстан шығарған

Әли Оқапов Ақбота Сейітмағамбетпен қарым-қатынасы жайында бар шындықты айтты

Баян Мақсатқызының ішімдік ішіп отырған сәті желіні шулатты (видео)

Талқылау