"Мектепте де, балабақшада да қаза тауып жатыр": Қорғаныс министрінің орынбасары жастардың неге әскерден қорқатынын айтты
Фото: Ұлттық қорғаныс университеті
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов қазақ жастарының әскерден неге соншалықты қорқатыны туралы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сұлтан Камалетдиновтың айтуынша, бұл әлеуметтік және психологиялық сипаттағы мәселе. Мұндай қорқыныштар балалық шақтан басталып, отбасы, балабақша, мектеп сияқты ортада қалыптасады. Жастардың тұрақтылық пен жайлы өмірге үйреніп қалғаны да әсер етеді екен.
“Көптеген себеп бар. Біріншіден, әр адам өз ортасында, белгілі бір ұжымда тәрбиеленеді. Бұл ретте отбасында, балабақша мен мектепте тәрбие мен тәлім алады. Олардың кейбірінде үрей болады. Себебі өз үйіндегі жайлы өмірге, еркіндікке, өмірінің қалыпты регламентіне үйреніп алған жастар әскердегі жаңа тәртіпке сескене қарайды, яғни мүлдем басқа ортаға түседі. Бұл - қалыпты құбылыс. Келесі маңызды мәселе - осы адамның бұл үрейді қалай жеңуіне қатысты. Бұрын анасы бәрін жасап беретін – бөлмені жинап, тамақ дайындайтын. Ал мұнда – төсегін өзі жинауы тиіс. Атап айтқанда, бұл жағдайды біздің ортақ проблемамыз деп санаймыз және оны бірлесе еңсеретін боламыз”, - дейді Қамалетдинов.
Журналистер министрлік өкілінен бұл қорқыныштың әскердегі өлім-жітім жағдайларымен байланысы бар-жоғын сұрады.
Өкінішке қарай, адамдардың әскерден басқа да салаларда да өмірі қиылып жатады. Қайғылы жағдайлар мектептерде, балабақшаларда, жолдардағы көлік апатында да кездеседі. Сондықтан тек әскердегі жағдайға ғана екпін қою дұрыс емес. Қарулы Күштердегі мұндай жағдайлардың айтарлықтай азайғанын көрсететін статистика бар, - деді министрдің бірінші орынбасары.
Ол армиядағы өлім жағдайлары азайып келе жатқанын алға тартты. Алайда соңғы бір жылда қанша сарбаз қаза тапқаны жөнінде нақты жауап бере алмады.