"Есепшотыңның 16 санын бер" деді": Мейрамбек Беспаев Еркеш Хасенге автокөлік сыйлады

Танымал әнші Мейрамбек Беспаев өнердегі інісі әрі әріптесі Еркеш Хасенге көлік мінгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қуанышты жайт жайлы Еркеш Хасен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Оның айтуынша ,көлік алуына әнші Мейрамбек Беспаев себепкер болған.
Өнер иесі осыдан екі апта бұрын Cover Show бағдарламасына қатысушы ретінде барған. Сол кезде Мейрамбек Беспаев оның көлігі жоқ екенін білген.
“Бәрі Cover Show бағдарламасынан басталды. Екі апта бұрын жобаға қатысушы ретінде бардым. Қайтар уақытта Мейрамбек аға “Үйге баратын көлігің бар ғой, иә?” деп сұрады, мен “Иә, иә, такси шақырып қойдым” деп жауап бердім. Ойымда ешнәрсе болмады. Ол бұған таңырқап қалды, осылай әңгіме аяқталып, үйге қайттық”, – деді ол.
Келесі күні әншілер сол жобаның түсірілім алаңында қайта кездескен. Сол сәтте Мейрамбек Беспаев Еркеш Хасенді жеке шақырып, оның көліксіз жүргені жанына батқанын ашық айтқан. Кейін оған көлік алып беру ниетін жеткізген.
“Келесі күні сол бағдарламаға қайтадан сарапшы болып бардым. Бір уақытта Мейрамбек аға “Сенің кеше көлігім жоқ дегенің рас па?” деп сұрады. Мен “Иә, көлігім” жоқ дедім. Енді шындық қой, оның ұялатын түгі жоқ. Кейін бағдарлама аяқталғаннан кейін Мейрамбек аға мені өзіне шақырды. Бардым, сөйтіп ағам “Шынымды айтайын, сенің көлігім жоқ дегенің менің жүрегіме ауыр тиді. Есепшотыңның 16 санын бер, амандық болса, жақын күндері сый-сияпатымды жіберемін, соған ыңғайлап бір көлік ал” деді.
ОқыңызОсылайша, екі аптадан кейін Еркеш Хасен өзі таңдаған көлігін мінді.
“Бұл мен үшін үлкен сый, үлкен құрмет. Аллаға шүкір, бүгін Мейрамбек Беспаев ағам маған көлік алып берді”, – деді әнші.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Еркеш Хасен некеде бола тұра белгілі актрисамен көңіл қосты деп айыпталғаны хабарланған еді. Желіде Сандуғаш Амантай есімді қолданушы өзін Еркеш Хасеннің бұрынғы жары Айгерімнің құрбысы ретінде таныстырып, пікір қалдырған. Оның айтуынша, әнші әйелімен ажыраспай жатып, актриса Жанель Серғазинамен көңіл қосқан.
Бұл ақпарат желі қолданушыларына жақпай қалды. Олар әнші мен актрисаны жобалардан алып тастауды сұрап, олар қатысқан іс-шараларды көруден бас тартқан еді.