Медициналық орталық саламын деген: Алматыда депутатқа алаяқтық жасады деген айып тағылды
"Ақ жол" партиясының мүшесі, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мұханбеталы Шалқарбековке алаяқтық жасады деген айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: akzhol.kz
Алматыдағы жер телімдері қатысты алаяқтық ісі бойынша айыпталушы ретінде Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мұханбеталы Шалқарбеков сотқа тартылды. Депутат тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.
Депутат асфальт-бетон өнімдерін өндіріп, сатумен айналысатын "АБЗ Ақтас" ЖШС-нің басшысы. Тергеушілердің айтуынша, депутат инвестициялық жоба – медициналық пункт құрылысы үшін Алматы қаласы Бостандық ауданынан жер телімін алу үшін құжаттарын тапсырған.
"2019 жылы Шалқарбеков белгісіз тұлғалар арқылы инвестициялық жобаны жүзеге асырамын деген желеумен жер телімін заңды айналып өтіп, алаяқтық жолмен кадастрлық құны бойынша алуға, одан кейін жер телімін жеке меншігіне айналдырып, пайдалануға болатынын білген”, – делінген айыптау қорытындысында.
Тергеушілердің айтуынша, медициналық пункт құрылысы үшін деген себеп тек жер телімін алу схемасы ғана. Олар ешқандай медициналық пункт салуды жоспарланбаған, тек 0,0657 гектар жер телімін жалға алып, кейін жекеменшікке өткізуді көздеген.
Құжаттарға Алматы қаласының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов пен қалалық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов қол қойған. Аталмыш жер телімінде басқа мақсаттағы ғимарат салынса да, құжат бойынша медициналық орталық деп қабылданған, ал кейіннен жер телімін нарықтық құны 80 млн теңге бола тұра, 5,4 млн теңгеге сатып алуға рұқсат берілген.
"Шын мәнінде, медициналық орталық салынбаған және жұмыс істемейді. Самамбетов пен Ахмеджанов қызмет бабын пайдаланып, Шалқарбековке жер телімін "АБЗ Ақтас" ЖШС-нің жеке меншігіне өткізуіне көмектескен. Кейін Шалқарбеков жер телімін ұлының атына ауыстырған", – делінген айыптау қорытындысында.
Алматы сотында қаланың бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджановқа қатысты алты адам: үш экс-шенеунік, кәсіпкер, бағалаушы және депутаттың ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды.
Еске салсақ, бұған дейін жер теліміне қатысты алаяқтық жасаған халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкерлері сотталғаны туралы жазған едік.