Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Медициналық қызметтердің бағасы өседі": Министрлік ақпаратты жоққа шығарды

Фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің бағасы өсетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтер тарифінің артуы емделу құны өседі дегенін білдірмейтінін алға тартты.  

“Медициналық қызметтер тарифі – бұл мемлекет бекіткен сомалар. Яғни емханалар мен ауруханалар сияқты медициналық ұйымдарға пациенттерді емдегені үшін төленетін қаражат. Бұл төлемдер медициналық сақтандыру қоры арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, егер азамат медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы немесе мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек  аясындамалса, ол ешқандай төлем жасамайды. Алайда бұл қызмет үшін медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымға бекітілген тариф бойынша ақы төлейді. Мәселен, операция үшін 50 000 теңге немесе дәрігер кеңесі үшін 5 000 теңге. Сондықтан медициналық қызметтер тарифінің артуы – халық үшін емделу бағасының өсуі дегенді білдірмейді”, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хабарламасында 2026 жылдан бастап тоғыз негізгі бағыт бойынша тарифтерді көтеру жоспарланғаны айтылған болатын. Бұл тарифтер 2020 жылдан бері қайта қаралмаған және медициналық қызметтердің нақты өзіндік құнын толық жаппайды.

“Хабарламада тарифтерді өзектендіру стационарлық сектордағы созылмалы қаржыландыру тапшылығын жою және медициналық қызметтердің нақты құнын өтеу мақсатында жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Бұл сонымен қатар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі. Азаматтар үшін мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек (ТМККК) пен МӘМС пакеттеріне кіретін барлық қызметтер бұрынғыша тегін болып қала береді”, – деп мәлімдеді министрлік. 

Еске салсақ, Қазақстанда 2026 жылдан бастап кейбір медициналық қызметтердің тарифі көтерілетіні туралы жазғанбыз.
 

Дана Русланқызы
Жұма, 25 Шілде, 2025 19:22
Талқылау