"Медицина деңгейі мен жемқорлықты көріп отырмыз": Ләйлә Сұлтанқызының оқушы қыздардың вакцинасына қатысты жазбасы сынға қалды
Танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызының жатыр мойны обырына қатысты вакцина алуға үндеу жазбасы сынға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/sultankyzy/
БАҚ өкілінің жазбасы ата-аналар мен қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды.
“Әсіресе қыз тәрбиелеп отырған ата-аналардың назарына! Бұл вируспен күресудің жалғыз жолы – вакцина. Жатыр мойыны обыры Қазақстанда 25-44 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрінен 2-орында. Жыл сайын 600, күн сайын 2 әйел жатыр мойыны обырынан көз жұмады. Бұл статистикаға қарап, бірінші кезекте ана ретінде қатты уайымдадым. Сондықтан бірінші кезекте дұрыс ақпаратпен бөліскім келді. МИФтерге алданбаңыздар!", – деп жазды журналист.
Одан кейін журналистің әріптесі, медиаменеджер Самал Ибраева әріптесінің тапсырыспен жазба салып отырғанын сынады.
“Дәл осындай тақырыптарда үгіт-насихат жүргізу артық деп ойлаймын. Қазақстандағы медицина деңгейін, жемқорлықты көріп отырмыз. Біз, қыз өсіріп отырған қауым, қорқамыз. Сенбейміз. Дәл Еуропада, Америкада тұрсам, вакцина алар ма едік? Ал бізде, жоқ, ала алмаймын. Жалпы инфлюенсерлер тапсырыс алдық екен деп ала жүгірмей, кейде сараптасаңыздар екен", – деген пікір білідрді медиа маманы.
Айта кетейік, медицина маманы папиллома вирусына қарсы екпенің қандай кері әсері болуы мүмкін екенін айтқан еді.