"Арандатушылық болуы мүмкін". Медеу Арынбаев Тұрлыхановтың ұлы туралы дауға қатысты пікір білдірді
Белгілі әнші Медеу Арынбаев өзінің Instagram-да басы дауға қалған Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты жағдайға пікір айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
©instagram.com/medeu_arynbaev/daulet_bolatuly_turlykhanov
“Еліміздің біртуар ұлы Дәулет Болатұлы жайындағы соңғы жаңалықтар елдің талқысына түсіп жатыр. Осы жағдайға байланысты жеке ойымды білдіргім келеді. Қай ата-ана баласын жаман болсын деп тәрбиелейді? Әрине, тек жақсы болсын дейді. Қазіргі таңда баланың құқығын қорғау мақсатында емес, жан-жақтан жазылып жатқан пікірлер Дәулет ағамызға келіп тіреліп тұр”, –дейді өнер иесі.
Оның ойынша, бұл – сайлау алдындағы азғындық әрекеттердің бірі. Сондай-ақ әнші қазақстандық спортшыға қолдау білдіріп, көпшілікті істің байыбына бармай, шешім шығармауға шақырды.
“Бұл да бір сайлау алдындағы жасалып жатқан арандатушылық іс-әрекет болуы әбден мүмкін. Барлық істің байыбына барып, жауабын күтейік. Болған оқиғаны сіздер де, біз де өз көзімізбен көрген жоқпыз. Мен әркез Дәулет Болатұлын қолдаймын! Алдағы майданда жеңіске жетуіне тілектеспін! Елімізге жасаған еңбегін, спорттағы ерлігін ескере отыра, бұл жағдайды сабырмен саралағанымыз жөн болар деп ойлаймын”, – деп жазды Медеу Арынбаев.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
