Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Медбикелер де науқастарды қабылдай алады: Енді олардың қызметіне не кіреді

Фото: Pixabay.com

Медбикелерге емханаларда науқастарды өз бетінше қабылдауға рұқсат етілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тәуелсіз мейірбикелік қабылдау – алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін реформалау бағыттарының бірі. Жаңа ережелер күшіне енді.

“Барлық дерлік облыста медбикелер науқасты қабылдайтын кем дегенде бір флагмандық клиника бар. Бірақ елімізде мұндай бағыттардың қанша екенін әзірге айта алмаймыз. Алғашқы медбике қабылдауы қашан енетінінің нақты мерзімдері мен міндеттемелері жоқ, бірақ үш-бес жыл ішінде ол барлық дерлік емханада пайда болады деп үміттенеміз. Әзірге жүйе сол қалпында қалды: дәрігер мен медбике бірлесіп қабылдайды және бір-бірін қайталайды. Учаскедегі жұмысты оңтайландыру, дәрігердің пациенттерді тексеруге кететін уақытын ұлғайту үшін алғашқы медициналық көмек көрсету кабинеттерін ұсынамыз”, – деді денсаулық сақтау министрлігі республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының директоры Айгүл Қасымова.

Қасымованың сөзінше, кез келген медбике пациенттерді қабылдай алмайды, бұл белгілі бір құзыреттер мен дағдыларды талап етеді.Ол емханадағы жоғары деңгейдегі мамандардың болуына байланысты.

“Көптеген факторды ескеру қажет, бірақ мұны кез келген дерлік емхана ұйымдастыра алады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы үш жылдан бері осы принциппен жұмыс істеп келеді және бұл тәсіл шынымен дәрігердің уақытын тиімді бөлуге мүмкіндік беретінін көрдік”, – деді ол.

Медбике науқасқа қандай шара жасай алады: 

  1. Бойын, салмағын, қан қысымын, терінің және көрінетін шырышты қабаттардың жағдайын өлшеу, қандағы қант деңгейін анықтау және т.б.;
  2. Тамақтану, ұйқы проблемалары, салмақ жоғалту немесе жинау және т.б. туралы білу;
  3. Талдау анализдерін тапсыруға жіберу. Бұл созылмалы аурулары бар динамикалық бақылауда болатын және мерзімді түрде бірдей тексерулерден өтетін науқастарға қатысты. Осы сұрақтармен дәрігерге әр жолы бармау үшін оларды медбикелерге қайта бағыттайды;
  4. Науқастарды скринингке шақыру: аурудың алдын алу, тамақтану, ұйқы режимі, физикалық белсенділік және т.б. бойынша ұсыныстар беру;
  5. Вакцинацияның маңыздылығы туралы әңгімелеу және вакцинаға шақыру;
  6. Жүктілікті жоспарлап отырған бала туатын жастағы әйелдермен жұмыс: өмір салты, тамақтану және физикалық белсенділік бойынша ұсыныстар беру. Жүктілікті жоспарламайтын әйелдермен контрацепция әдістерін талқылау;
  7. Бұрын дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектерге рецепт жазу;
  8. Науқасты бақылаудың қосымша жоспарын қалыптастыру;
  9. Медициналық қағазын беру.

Медбике медициналық емес, медбикелік диагноз қоя алады. Адамның сыртқы белгілерін немесе науқаспен сөйлескеннен кейін анықталуы мүмкін белгілі бір жағдайға қарап қорытынды шығара алады.

Мейірбикелік диагнозға ұйқының бұзылуы, терінің тұтастығы, газ алмасу, дененің қозғалғыштығы, созылмалы ауру, есте сақтау қабілетінің бұзылуы, тамақтану проблемалары, мазасыздық және т.б. кіреді. Сәйкесінше олардың арасында медициналық диагноздар жоқ, ондайларды дәрігер қояды.

Мейірбикенің медициналық диагноз қоюға, диагнозы анықталмаған, бірінші рет келіп тұрған науқастарды тексеруге құқығы жоқ. Айталық, науқаста асқазан ауруы, жүрек ауруы, құсу, диарея байқалса, оған дәрігер ғана баға беріп, диагноз қоя алады.

Егер адамда жөтел, мұрын бітелу және дене температурасы жоғары болса, оны бірінші кезекте фельдшер қабылдайтын фильтрге, содан кейін ғана дәрігерге жіберу керек.

Емханаларда тек медбике болатын бөлек кабинеттер болуы керек. Әрине, ол белгілі бір медициналық мекеменің аумағы мен мүмкіндіктеріне байланысты.

Анықтама алуға немесе тексеруге жолдама алуға келген науқас алдымен медбикеге барады. Ол мәселені өз бетімен шеше алмаса, науқасты дәрігерге жібереді.

Мейірбике жалпы және биохимиялық қан анализі, зәр, флюорографияға жібере алады. Бірақ гормон деңгейін анықтайтын талдауларға жолдаманы дәрігер ғана бере алады. 

Алайда науқас медбикеге емес, бірден дәрігерге көрінгісі келетінін айта алады.

Еске салсақ, Қазақстанда медбикелерге науқастарды қабылдап, диагноз қоюға рұқсат берілгені айтылды. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 15:00
Талқылау
`