Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәжіліс спикері колледж педагогтарымен еңбек адамын даярлау туралы әңгімелесті

Суретті түсірген – Т.Таныбаев

Палата спикері Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс делегациясы Қарағанды облысының Нұра және Осакаров аудандарына барды. Мәжіліс депутаттары өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.

Нұра ауданында депутаттар Болат Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледжге барды. Оқу орны агроөнеркәсіп, құрылыс және өндіріс салаларына арналған он мамандық бойынша кадрлар даярлайды. Бүгінде мұнда шамамен 300 студент білім алуда.

Мәжіліс төрағасы педагогтерге арнаған сөзінде Еңбек адамының рөлі мемлекет үшін маңызды екенін атап өтті. Ол қазіргі таңда Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша мамандарға сұраныс 40 пайыздан асып отырғанын айтып, осыған байланысты жас, білікті кадрлар даярлауға ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Суретті түсірген – Т.Таныбаев

“Өздеріңізге белгілі, Президентіміз биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл бағытта колледждер мен училищелер елге қажетті мамандар даярлау ісінде ерекше рөл атқарады. Сіздер жас дәнекерлеушілерге, құрылысшылар мен тігіншілерге еңбекке деген шынайы құрметті, өз мамандығына деген сүйіспеншілікті және дұрыс моральдық құндылықтарды дарытып келесіздер. Мықты экономика мен елдің жарқын болашағы ұстаздардың қолында. Сондықтан мемлекет сіздерді толық қолдайды. Колледждерді дамытуға және мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға бар күшін салады”, – деді Ерлан Қошанов. 

Сонымен қатар ол еңбек адамын қолдауға бағытталған нақты өзгерістерге, яғни, жұмысшы мамандық иелері үшін жаңадан тұрғын үй ипотекалық бағдарламасының іске қосылғанын, сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті. 

Сапар барысында депутаттар колледж студенттері өз мамандықтары бойынша тәжірибелік машық қалыптастыратын оқу шеберханаларының жұмысымен танысты. Мұнда дәнекерлеу ісі, құрылыс, автослесарь, тамақ және тігін өндірісі бағыттары бойынша білім беріледі. Колледждегі жұмыс барысы жайлы жас маман Арайлым Аманкелді айтып берді.

Суретті түсірген – Т.Таныбаев

Ол "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы аясында туған ауылына оралып, мұғалім болып қызмет атқарып жүр.

Депутаттар сондай-ақ медицина қызметкерлеріне арналған көппәтерлі тұрғын үй кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Бұл үй бұған дейін бос тұрған ғимараттан қайта жаңғыртылып жатыр. Жыл соңына дейін жаңа қызметтік баспанаға аудандық аурухананың жас қызметкерлерінен 14 отбасы қоныстанады деп жоспарлануда. Аймақ басшылығының айтуынша, ауылдағы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының арқасында бүгінде Нұра ауылында білікті кадрлар тапшылығы мәселесі іс жүзінде шешімін тапқан. 

Ауданда ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Мәжіліс депутаттары биыл іске қосылған "МФ Рамадан" ЖШС-нің сүт фермасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын 1100 голштин-фриз тұқымды сауын сиыр ұстауға арналған. Технологиялық тұрғыдан жаңа сауу жабдығының көмегімен ферма тәулігіне – орта есеппен 27 тонна, жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндіруді жоспарлап отыр.

Суретті түсірген – Т.Таныбаев

Осакаров ауданында Мәжіліс төрағасы мен депутаттарға тағы бір инвестициялық жоба – қуаттылығы 150 МВт болатын жел электр стансасының құрылысы таныстырылды. Бүгінде мұнда жоспарланған 21 жел қондырғысының 9-ы іске қосылып, энергия өндіруде. Алынған "жасыл" электр энергиясы қосалқы станса арқылы жалпы тарату желісіне жіберіледі. Жоба аясында ауылдан 20 жаңа жұмыс орны ашылған.

Делегация сондай-ақ 2020 жылы толық қайта жаңғыртудан өткен "Жастар" балалар мен жасөспірімдер орталығына барды. Қазіргі таңда орталықта заманауи бағыттар бойынша 25 үйірме жұмыс істейді. Ауылдың 600-ден астам баласы мұнда IT, роботтехника, жасанды интеллект, музыка мен театр өнері, қолданбалы шығармашылық, тілдер және басқа да салалар бойынша білім алуда.

Осы жерде Мәжіліс депутаттары Осакаров ауданының жұртшылығы өкілдерімен кездесті. Әңгіме барысында жергілікті өндірісті дамыту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, алдағы жылдары өңірде сыйымдылығы 2500 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасы, 6000 бас малға есептелінген еліміздегі ең ірі сүт-тауар фермасы, жылына 45 миллион кірпіш шығаратын кірпіш зауытының құрылысы, сондай-ақ суармалы жерлердің аумағын айтарлықтай кеңейту ісі жоспарланып отыр.

Суретті түсірген – Т.Таныбаев

Ерлан Қошанов өткен сессияда қабылданған Салық, Бюджет және Су кодекстері, сондай-ақ әлеуметтік даму бағытындағы бірқатар заң туралы айтты. Олардың қатарында "Келешек" жинақтау жүйесі туралы заң, дарындыларды қолдау нормалары, МӘМС жүйесінде базалық медициналық көмекті сақтау, онкоскринингті кеңейту және басқа да маңызды бастамалар бар. 

Одан бөлек, Ерлан Қошанов аудандық мәслихат депутаттарын заң шығару жұмысына белсендірек қатысуға шақырды. Өз ұсыныстарын Қоғамдық палата арқылы енгізіп, сондай-ақ Мәжіліс сайтындағы арнаулы модульдің мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес берді. Бұл жайт қабылданатын заңдардың сапасын арттырып, олардың нақты өңірлік жағдайларға сай болуына ықпал етеді.

Азаматтардың, кәсіпкерлердің және аудан басшылығының өтініштері мен ұсыныстары Мәжіліс депутаттары тарапынан жаңа парламенттік сессия басталған кезде талқылауға шығарылатын болады.

STAN.KZ
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 10:29
Талқылау