Депутаттар мобильді аударымдарға белгіленген шек – 255 мың теңгені өзгертуді талап етті
"Ақ жол" партиясының депутаттары ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдады. Олардың айтуынша, мобильді аударымдарды тексеру үшін белгіленген шекті қайта қарау қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
видеодан скрин
Мобильді аударымдарды тексеру үшін белгіленген шекті (қазір айына 255 мың теңге сомасы) қайта қарау қажет деп санайды "Ақ жол" партиясының өкілдері. Мәжілістің пленарлық отырысында партия лидері Азат Перуашев Ұлттық экономика министріне осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады.
"Ақ жол" партиясы басшысының сөзінен мәжілісмендердің азаматтардың мобильді аударымдарын бақылау әдістеріне көңілі толмайтыны анық болды. Перуашев мобильді аударымдарды бақылаудың бизнеске қысым түсірмейтін, анағұрлым либералды баламалары бар екенін айтты.
"2024 жылғы 7 ақпанда сол кездегі вице-премьер Байбазаров мобильді аударымдарды бақылау тәсілдері қайта қаралатынын мәлімдеген еді. Алайда бұл уәделерге қарамастан, бақылау тәсілдері өзгеріссіз қалып, бизнес пен халық үшін қолайсыз форматта енгізілді", – деп атап өтті Перуашев.
Ол Ұлттық банктің өткен жылдың бірінші тоқсанында мобильді төлемдер санының үштен бірге қысқарғаны туралы мәліметтерін алға тартты.
"Бүгінде шағын бизнес иелері қолма-қол төлемге жиі көшіп жатыр", – деді Перуашев
Ол сарапшы Олжас Байділдиновтың пікірін келтіріп, Қазақстандағы аударымдарды бақылау жүйесі Түркиядағы жағдайға ұқсас ахуалға әкелуі мүмкін екенін айтты. Түркияда "қосарлы валюта бағамы" қалыптасқан аударым арқылы төлеу қымбатқа түседі.
"255 мың теңге шегі біздің шынайы жағдайға сәйкес келмейді деп есептейміз. Төлем сомасын кәсіпкердің таза табысы деп қарастыру дұрыс емес. Іс жүзінде бизнес тиімділігі 15-20%. Егер айналым 255 мың теңге болса, оның табысы 50-60 мың теңге шамасында болады. Таза табысы 255 мың теңге болуы үшін кәсіпкердің айлық айналымы 1 миллион теңгеден асуы қажет. Осыған байланысты "Ақ жол" партиясы мобильді төлемдерді мониторингтеуді айына 1 миллион теңгеден асатын сомадан бастау қажет деп ұсынады", – деп қорытындылады Перуашев.
Мобильді аударымдарға қатысты шекті 255 мың теңге деп белгілеу туралы мәліметті Ұлттық экономика министрлігі 2023 жылғы ақпанда хабарлаған. Қазіргі уақытта бұл түзету қабылданған жоқ, кейбір деректерге сәйкес ол Ұлттық банкте келісу кезеңінде тұр.
"Мобильді төлемдер" ұғымы заңнамада алғаш рет 2022 жылы пайда болды. Сол кезде кәсіпкерлік мақсатта жасалған мобильді аударымдардың белгілері анықталған еді. Бұл үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі адамнан келіп түсетін аударымдар. Бірақ ол кезде аударым сомасы нақтыланбаған еді.
Еске салайық, бұған дейін заңға сәйкес кәсіпкерлік қызметпен тіркеусіз айналысатын барлық жеке тұлға жазаланатынын жаздық. Айыппұл 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге), бір жылда қайталап бұзу 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде. Қазақстанда мобильді аударым арқылы қанша кәсіпкердің салықтан жалтарғаны әзірге белгісіз. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты банктерден 2025 жылы алатынын атап өтті.