Мәжіліс депутаты Қазақстанда балаларды әлеуметтік желіге қолжетімділігін шектеуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев қазақстандық балаларды әлеуметтік желілердің зиян ықпалынан қорғауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілер бүгінде байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар қуатты саяси құралға айналған.
"Әңгіме тек технология туралы емес, жастардың болашағына бағытталған идеология туралы, түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздігіміз туралы болып отыр. Осы мәселені жүйелі түрде қарастыру үшін Жасанды интеллект министрлігін де тартуды ұсынамын. Талдау негізінде балалар мен жасөспірімдерді қорғауға бағытталған нақты шаралар әзірленуі керек. Сондай-ақ платформалардың жауапкершілігі, деструктивті ақпараттық ықпалдарға қарсы әрекет ету жолдары айқындалуы қажет. Халықаралық тәжірибеге назар аударғым келеді. Кейбір елдерде әлеуметтік желіде 14 жасқа дейінгі балалардың, ал кей елдерде тіпті 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің қолжетімділігі шектелген", – деді депутат Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде.
Сергей Пономаревтің сөзінше, мәселе "тыйым салу үшін тыйым салу" емес, цифрлық дәуірде ойлауды, талдау қабілетін, тірі диалогты және тұлғаның кемелденуін қорғау туралы болып отыр.
"Біз бірқатар елде Еуропадағы наразылық акциялары, көшедегі мобилизация және күрт саяси өзгерістер онлайн платформалар арқылы басталып, үйлестірілгенін көріп отырмыз. Сондықтан осы мәселе жан-жақты әрі терең талдауды қажет етеді. Сіз жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында технологияны дамыту ғана емес, оны қолдану мәдениеті, яғни “цифрлық гигиена” да алдыңғы қатарға шығуға тиіс. Қазақстан қазіргі заманғы технологиялық өзгерістердің алдыңғы шебінде болуы керек", – деді ол.
Жалпы, депутаттың пікірінше, Z және Alpha буындарында тірі қарым-қатынас кеңістігі азайып барады. Соның салдарынан клиптік ойлау қалыптасып, ойланбай, ақпаратты тексермей, бірден реакция беру әдеті күшейіп отыр. Бұл үстірт көзқарасқа, тек сынауға бейімділікке, бәрін жоққа шығаруға және шынайы өмірден алыстап кету сезімінің пайда болуына әкеледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салынғанын жазды. Ашық НҚА порталында онлайн платформалар туралы заңға түзетулер жобасы жарияланды. Онда 16 жасқа толмағандарды онлайн платформаларда тіркеуге тыйым салу және киберқорқыту контентін 24 сағат ішінде жою тәрізді шаралар ұсынылған. Бірақ мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Евгений Кочетов бұл мәселе қазір күн тәртібінде жоқ екенін айтты.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады