Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Майғазиев: Қоғамда бір түндік жас қыздар көп

“МұзАрт” тобының солисі Сәкен Майғазиев “Ел аузында” бағдарламасында тоқал алу мәселесіне қатысты ойын ортаға салып, қазіргі қоғамда бір түндік жас қыздардың көп екенін айтты.

71341830

Соңғы кезде тоқал алу мәселесі жиі көтеріліп жүргені шындық. Халық екіге бөлініп, “алу керек” пен “алмау керектің” арасында қалған-ды. Бірі мұның төл тарихымызда бар екенін айтса, енді бірі заманауи қоғам үшін жат екенін тілге тиек еткен болатын. Ал белгілі әнші Сәкен Майғазиев тоқалды балалы болмай қалған кезде алуға болатынын айтады.

“Қоразданамыз, бірақ ала алмаймыз. Оны мен жұбайыммен өзім шешем, мәселе жоқ. Алам ба, алмаймын ба, оны бір Алла біледі”, – деп әнші тыңдармандарын екіұшты ойға қалдырды.

“Кейбір жігіттер бар, екінші алмаймын, біреуін қарық қылып алайын деп жүреді де, екеу емес, үшеуін алады. Ойланыңызшы, бір еркек айдаладағы біреуге көңілдес болғаны үшін астына автокөлік әперіп жатады. Тіпті ол бала да туып бермейді. Қарап отырсаң, халықтың санын көбейтпейді де. Пайдасы жоқ. Қысқасы, бір түндік жас қыздар көп біздің қоғамымызда, заманымызда, Алла сақтасын”, –  деп Майғазиев жеңіл жүрісті қыздардың әрекетін сынады.

Ал белгілі продюсер, төрт ұлдың асқар тауы Қыдырәлі Болманов алғашында жұбайы Қарақат Әбілдина тоқал алып бергелі жатқанын сөз арасына қосып, кейін онысы әзіл екенін түсіндірді. Дегенмен Болманов мырза демографияны көтеру мәселесіне келгенде, тоқал алудың орынды екенін айтады.

“Жалпы ақылды дүние ретінде қарап отырсаңыз, осыдан бәленбай жыл бұрын бір жігітке 7-9 қыз келетін мысалға. Қазір бұл одан да көп. Жиырмадан асады. Көрсеткіш өсті. Егер ұлтымызды сақтап, ұрпақ көбейту мәселесін ойлайтын болсақ, әр қазақ 3-4 әйел алып, оны асырап бағып, балаларын өсіру бізге қажет сияқты”, – дейді продюсер.

Отандық әнші Саят Медеуов те тоқал алу салтының елімізден бұрыннан келе жатқанын, оның еш әбестігі жоқ екенін айтса, Еркін Мәулен сынды жас әншілер бұл сөздің сырын түсінбеген-ді. “Екінші рет үйлену мен екі әйел алуды тоқал алуға жатқызамыз ба?” – дейді әнші.

Қазақ эстардасындағы ер адамдарға қарағанда, әйел адамдардың тоқал алуға қатысты пікірі бір сарынды келеді. Мұны отбасы шырқының бұзылуымен байланыстыратын олар толықтай қарсы. Маржан Арапбаева өзгені сөгуге құқығымыз жоқ екенін айтса, Айған Жолдасова мен Мөлдір Қабатова түбегейлі қарсы екенін жеткізді.

 

 

Талқылау