«Маугли» қазақша сөйледі
Әйгілі «Джунгли кітабы» хикаясы көрермен қауымға қазақ тіліндегі дубляжбен жол тартты. Эпикалық, шытарман оқиғаға толы фильм жабайы тропикалық ормандағы қасқырлар үйірінің ортасында өскен кішкентай баланың өмірін баяндайды.
Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.
Режиссер Джон Фавроның «Джунгли кітабы» фильмі отандық дубляж шеберлерінің қазақ тілінде биыл жасаған тұңғыш туындысы екен. Кинокартинаның әрі мен сәнін келтіру үшін арнайы 14 адам іріктеліп алынған. Олардың арасында тіс қаққан тәжірибелі әртістермен бірге үлкен өнерге енді аяқ басып жатқан балақайлар да бар. Сапалы әрі заманауи талаптарға сай жасалған дубляж шетелдік мамандардың қатаң бақылауынан өткен.
«Кейбір кезде мен Маугли, ал Маугли мен болып кеткен кездер болды. Менің мінезім оған қатты ұқсайды», – дейді «Маугли» кейіпкерін дыбыстаған актер Ақарыс Әшімхан.
«Егер біз сол жоғары сапада аударатын болсақ, біз сол фильмді қазақша шығарғандай болып көрінеді. Сондықтан балалар үшін бұл – таптырмайтын аударма. Өйткені актерлер үлкен актерлік шеберлікпен рөлдерді орындап шықты», – деді «Джунгли кітабы» фильмінің дубляж режиссері Айжан Жамшитова.