Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Нағыз көреалмаушылық": Еңліктің әнін сынаған ақын Жандарбек Бұлғақовтың басы дауға қалды

Yenlik пен Жандарбек Бұлғақов арасындағы дауФото: https://www.instagram.com/yenleak

Желіде айтыскер ақын, тележүргізуші Жандарбек Бұлғақов Yenlik лақап атымен танымал қазақстандық рэпер Еңлік Құрарбектің “Bipl” әнінің сөздерін сынап тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақын Threads желісіндегі парақшасында әннің сөзін келтіріп, мәтіннің мүлде мағынасы жоғын айтқан.

“Алуан-алуан адам бар ей, қыз
Салдыр алдыр алам ба, Бипл-а!
Бұйырмаса болмайтын нәрседе болмайд
Ұрдым да, қол қойдым
Енді, ұрдым да, қол қойдым (болмайд)
Не болса да, сол
Болса да, мен болмайм оол!” – деп жазған ол.

Көп ұзамай айтыскер ақынға Yenlik-тің өзі жауап берді. Ол ақын қалдырған әннің сөздері дұрыс емес екенін айтып, дұрыс нұсқасын жазған.

“Алуан, алуан адам бар ей қыз, Алдар, алдар алданба!” Осылай жазылған негізі, тағы бір тыңдап аласыз ау! Басқа әндерімнің мәтінін оқып көріңіз, бұлай ішіңіз ашымас”, – деп жауап берген рэпер.

Өз кезегінде Жандарбек Бұлғақов әншінің сынға дайын болу керегін ескертті. Сондай-ақ ол тілге жаны ашитынын алға тартты.

“Қарындасым бағың жанып, бақытың ашылсын. Орындаушылығың мен даусыңа басқа кәсіби мамандар пікір айтар. Бірақ дәл мына мәтіннің мағынасы жоқ. Мен оны сөз түсінетін қазақ ретінде айтып отырмын. Өнерге келген екенсің елдің асыра мақтауына да, жігеріңді жаныған сыни пікіріне де дайын бол. Ішіміз ашығаннан емес тілге жанымыз ашығаннан сөйлейміз”, – деп жазды ол.

Қазақстандық рэпер бұған да жауап қатты. Еңлік өзінің шығармашылығымен толық танысқан адам әндердің мағынасын білетінін жеткізді. Сонымен қатар ол бұған дейін айтыскер ақынның айтыстарын көріп,шығармашылығына құрметпен қарағанын айтты. 

“Өтірік тілек жазбай-ақ қойыңызшы, менің шығармашылығымды толық қарап шыққан болсаңыз, бұлай бір әніме қадалып қалмайтын едіңіз. Сыныңызды осылай бастасаңыз да болар еді. Мысқылдап, келеке қылмай-ақ. Мен сіздің айтыстарыңызды көріп, шығармашылығыңызды сыйлайтынмын. Бүйтіп жаныңыз ашымай ақ қойсыншы”, – деп жазды ол.

Бұған қоса өнер иесі сынды қабылдай алатынын жазып, мәтінді шынымен де қате барын мойындады. Алайда ол жаны ашып, әнге қатысты пікір білдіргісі келетін адам желіде мысқылдамай, жеке айтатынын жазды.  

Yenlik пен Жандарбек Бұлғақов арасындағы дау

Желі қолданушыларының пікірі

Өнер иелерінің бұл пікірталасы желіде бірден қызу талқыға түсті. Қолданушылар Жандарбек Бұлғақовтан мұндай әрекетті күтпегенін, керісінше ол қазақ қыздарын қолдау керегін жазып, Yenlik-ті жақтап шықты.

“Басқа-басқа Жандарбектен күтпедім. Қазақ қызын қолдайтын ағалардың түрі осы ма? Аяқтан шалып, көреалмаушылық танытып отыр, қарабет!”, “Бұл рэп жанры, Еңлік деген қара қызымыздың керемет туындысы. Бұл туынды арқылы қазақ тіліне, жеріне шет елдің азаматтары қызығушылықпен қарап жатыр”, “Аға ретінде, “тіл жанашыры” ретінде осы бір сын пікірді Еңлікті жеке шақырып алып айтып, ақыл-кеңес беруге қолыңыз жетеді ғой негізі, парасатыңыздың жетпегені өкінішті”, – деп жазған олар.

Қазақстандықтар әншіні жұрттың сөзіне мән бермеуге шақырып, мысал ретінде “Ит үреді, керуен көшеді” деген мақалды келтірген.

“Еңлік, шығармашылығыңыз арқылы қазақ тілін насихаттап жүрсіз! Ризамыз! Шабытыңыз сарқылмасын, тыңдаушыңыз көбейсін. Жақсы көреміз”, “Еңлік, қазақта “ит үреді, керуен көшеді” деген сөз бар ғой. Ол дегені керуен әрбір иттің үргеніне мән беріп тоқтай бермейді, керуен жүре береді, үрген иттер жолда сол күйінде шәуілдеп қала береді. Сондықтан әр үрген не шаужайдан тартқан қанден иттерге жауап қайтарып, олардың деңгейіне түспеңіз”, “Дым уайымдамаңыз! Ең бастысы өлеңді тыңдармандарыңыз ұқты”, – деп жазды олар.

Желі қолданушылары Жандарбек Бұлғақовтың жазбаларына сыни пікір жаудырып жатыр.

“Іші тар”, “Нағыз көреалмаушылық”, “Бұдан кейін Жандарбекке деген құрметім түсіп кетті”, “Шамасы қызға ғана әліңіз жететін болып тұр ғой”, “Қыз баласын келемеждеп, мәз болғандары өзіме қатты батты”, – деп жазған олар.

Айта кетейік, бұған дейін Billie Eilish, Drake, Doja Cat-пен бірге: Қазақстандық рэпер Yenlik халықаралық шоуға қатысқаны хабарланған еді. 

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 12:49