"Маска мен көзілдірікті ешқашан шешпеймін": "Человек в маске" қайырымдылық жасауға не түрткі болғанын айтты
"Человек в маске" қорының өкілі қайырымдылық жасауда не түрткі болғанын және өзінің кім екенін қашанға дейін жасыратынын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Halyq Uni порталына сілтеме жасап хабарлайды.

"Человек в маске" қорының өкілі қайырымдылық жұмысын жасау туралы ой 2020 жылы келгенін жеткізді. Айтуынша сол сәттерде әкесі инсульт алып, өмірінде үлкен өзгеріс болған екен.
“Батырлар туралы тарихты жақсы көремін. Қаһармандар туралы фильмдер, мультфильмдерді көріп өстім және бала кезден солар сияқты болғым келді. 2020 жылы әкем инсульт алып, дәрігерлер денсаулығы нашарлағанын айтты. Сол сәтте өзімді дәрменсіз сезініп, Алладан көмек сұрай бастадым. Қайырымдылық жасау осылай басталды. Бұл мен үшін бетбұрыс болды. Әкемнің денсаулығы түзелді. Жүру, сөйлеу, жазуды – бәрін басынан бастадық. 5 жыл бойы өзімді іздедім, түрлі салада жұмыс істедім. Қолымда мүмкіндік болса, немен айналысар едім деген сұрақ қойдым. Бұл сұрақтың жауабы – спорт пен қайырымдылық болды”, – деді ол.
Жігіт сонымен қатар көпшіліктің өзін Димаш Құдайберген деген болжамына: "Димашпын, Димаш емеспін деп ештеңе айта алмаймын", – деп жауап берді.
Айтуынша, өңірде ақпарат беріп отыратын еріктілер бар. Ал қазақстандықтар арасында қайырымдылық жасап, қаражат аударатындар көп екен. Шетелдіктер де үнемі қолдайтын көрінеді.
“Көмек сұрайтындардың дені қарызға батып жүргендер. Жалпы халқымыздың қаржы сауаты төмен, біз соған көңіл бөлуіміз керек. Әрине, өмірде әртүрлі жағдай, әртүрлі тағдыр болады. Маска мен көзілдірікті өмірімнің соңына дейін шешпеймін. Кім екенімді ешқашан айтпаймын, – деп қорытты ол.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған