Мәсiмов: Допинг дауына iлiккен спортшылар бұл сыннан абыроймен өтуі керек
Бүгiн Үкiмет отырысында премьер-министр Кәрiм Мәсімов допинг дауына iлiккен спортшылардың бұл сыннан абыроймен өтуiн қамтамасыз етудi тапсырды, -деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
«Бүгiнгi күнi допинг дауына қатысты көп сұрақтар туындап отыр. Қазiр бiздiң команда Олимпиада ойындары, басқа да жарыстарға дайындалып жатыр. Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi, Ұлттық олимпиада комитетi бiздiң спортшылардың бұл сыннан абыроймен өтуiн қамтамасыз етуі керек”, – деді Мәсiмов.
Үкiмет басшысы елiмiзде допинге қарсы жақсы зертхана жабдықтау мүмкiндiктерiн қарастыру қажеттiгiн де атап өттi.
«Бұл мақсатқа демеушiлердi тартуға болады. Яғни, бiздiң спортшылар жарыстарға қатыспас бұрын, осы допинг-тестi тапсыруы тиiс. Бұл күтпеген жағдайдың болмауына және спортшылардың сенiмдi болуына мүмкiндiк бередi», – дедi ол.
Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлағандай, қазiргi уақытта Қазақстанның қоржынында 102 лицензия бар. Алдағы екi халықаралық жарыста тағы 10 лицензия ұту көзделіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан чемпион атанған қазақстандық спортшылардың допинг-тесті қайта тексеріліп, ол оң нәтиже көрсетті. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының мәліметінше, (IWF) 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындары үшін алынған сынамаларға сәйкес, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украинаның он спортшысының допинг-тесті оң нәтиже көрсеткен.
Жарыстан шеттетілген спортшылардың қатарында қазақстандық төрт спортшы – Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова және Майя Манеза бар.
Қосымша жасалған сынама төрт спортшыда да – станозол, ал Ильинде бұған қоса дегидрохлорометилтестостерон және Чиншанлода оксандролон барын анықтап отыр.
Сондай ақ, бүгін ғана 2008 жылғы Пекиндегі Олимпиада сынамаларын тексеріп, онда да И.Ильиннің допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткені хабарланды.