Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәселе бір айдан бері шешілмеді": Маңғыстау облысында наразылық білдірген жұмысшыларға әйелдері мен балалары қосылды

Маңғыстау облысында "Шыны талшықты құбыр зауыты" жұмысшыларының ереуілде тұрғанына тура бір ай болды. Үйлеріне бармастан наразылық білдіріп жатқан азаматтардың жанына енді әйелдері мен балалары қосылған. Жұмысшылар "Ұжымдық келісімшарт жасасын" деген талапты 30 күн ішінде бірде-бір басшы шеше алмады дейді. Ал зауыт басшылығы жиналғандардың талабын орындауға қауқарсыз екендерін айтады. Өйткені әрбір шешім компания құрылтайшысының рұқсатымен қабылданады екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

балалар мен әйелдер

Бір айдан бері зауыт алдында түнеп, наразылық білдіріп тұрған жұмысшылардың ереуіліне жөргектегі баласын ұстаған әйелдері қосылды. Басшылардың әрекетсіздігінен әкесін көрмеген бала, баласына еміренген әке сағынышын осылай басқан. "Ұжымдық шарт жасап, әлеуметтік жағдайымызды жақсартсын" деген азаматтар талаптың әлі орындалмағанына наразы. Зауыттың құрылтайшысы бір ай ішінде жұмысшылардың талабын тыңдамады, мәселені шешуге де асықпайды дейді олар. 

“Далада қаңғып жүре береміз бе күннің астында? Тезірек шешетін уақыт болды ғой. Бүкіл Қазақстанның мәселесін шешіп жатқандай, бір кішкентай зауыттың мәселесін әліге дейін шеше алмай отыр. Не сұмдық бұл? Осы қазақ жігіттерден ақшасын аяй ма? Азғантай ақша сұрап тұрғанымыз, көп емес”, – деді жұмысшы Асқар Сәркенов.

“Бір айдан бері үй көрместен біздің азаматтарымыз осы жерде жатыр. Оның отбасысы, балалары бар. Балалары әкелерін сағынды. Енді келу үшін сол балалары, жолдастары келіп, әкелерін көруге мәжбүр болып жатыр. Аспаннан жұлдыз сұрап тұрған жоқ. Өздерінің еңбек ақысын дұрыстап алу”, – деп қосты жұмысшының жұбайы Тілектес Күмісбаева. 



Жұмысшылар аптап ыстық болса да, талаптары орындалмай тарқамауға бекінген. Осы уақытқа дейін жанайқайымызды естімей жатқан үкіметке де ренішіміз бар дейді олар. Айтуларынша, әкімдер келсе де айтылған мәселе шешілмей келеді. Ал зауыттың бас инженері компаниядағы барлық мәселе тек құрылтайшының келісімімен реттелетінін айтады.

“Зауыт тұрып қалды. Берілген мөлшерді істей алмай тұрмыз, қазір жаңа нысандар беріліп жатыр. Енді осы балалардың мәселесін шешу керек. Оған енді біздің құрылтайшылар алдында Алматыдан адамдар келді. Мына жерде келіссөз болды. Сөйлесіп, бірк елісімге келген секілді еді. Бірақ жылдамырақ бір шешімге келу керек”, – деді "Шыны талшықты құбыр зауытының" бас инженері Есей Мұқашұлы.

Бас инженердің айтуынша, жұмысшылардың ереуілде тұрғаны зауыттың өндірісіне кесірін тигізіп жатыр. Бір ай ішінде компания 44 шақырым құбыр жасау жұмыс көлемінен айырылып, 40 миллион теңгедей шығынға ұшыраған. Сондықтан құрылтайшы жұмысшылардың талабын орындамаса, негізгі тапсырыс беруші "МаңғыстауМұнайГаз" компаниясының жұмыс көлемінен айырылып қаламыз деп мойындады.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында "Шыны талшықты құбыр зауытының" жүзден астам жұмысшысы тағы да ереуілге шыққанын хабарлаған едік. Түннен бері компанияның алдына киіз үй тігіп, талап қойған азаматтар ақпандағы ереуілден соң басшылық жалақыны 40 пайызға көтергенін айтады. Алайда кейін барлығын айлықтың жартысы ғана төленетін демалысқа жіберді дейді.

Талқылау