Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басшылық құйтырқы әрекетке барды": Маңғыстау облысында құбыр зауытының жұмысшылары тағы да ереуілге шықты

Маңғыстау облысындағы "Шыны талшықты құбыр зауытының" жүзден астам жұмысшысы тағы да ереуілге шықты. Түннен бері компанияның алдына киіз үй тігіп, талап қойған азаматтар ақпандағы ереуілден соң басшылық жалақыны 40 пайызға көтергенін айтады. Алайда кейін барлығын айлықтың жартысы ғана төленетін демалысқа жіберді дейді. Сөздерінше, бұдан бұрынғы ереуілден соң ұжымдық келісімшарт та жасалмаған. Сондықтан жиналғандар бірауыздан ұжымдық келісімшартты заңдастыруға серіктестіктің бас директорының өзі келсін деп талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

ереуіл

Компания басшылығына талап қойып шыққан жүзден астам азамат ереуілге толық дайындалған. Зауыт ғимаратының тура алдына киіз үй тігіп, ас-суын да алып келген. Түннен бері тапжылмай тұрғандардың қатарында Арман Тайлақов та бар. "Басшылық мені жұмыстан жазықсыз шығарды" деген ол, қайтсем де әділдікке жетем деп таңды өз шаңырағында емес, осы жерде қарсы алуға бекінген.

“Әуел баста ереуіл басталған уақытта ұжымдық шартқа отыратынын өздері мәлімдеді, соған келісті. Енді жеме-жемге келгенде ұжымдық шарттан бас тартып отыр. Осы жердегі азаматтардың бәрі отбасын тастап, еңбек дауын шешіп берсін, ұжымдық шартқа отырсын деп осы жерде бәріміз ереуілде тұрмыз.  Басшылық тарапынан әртүрлі қитұрқы әрекетке барып жатыр”, – деді зауыт жұмысшысы Арман Тайлақов. 

Арман Тайлақовтың бұл сөзін осындағы өзге де әріптестері қолдады. Олар өздерін бас директорымен кездестіруді талап етті. 

“Біздің қойып тұрған талабымыз Алматыдан осы мекеменің иесі келіп, бізге есеп беруә керек. Осы жерде қазір отырған басшылықтың айтылатын сөздерінің бәрі өтірік, бәрі де жалған. Көлем бар, ақша жоқ дейді, шикізат жоқ дейді, жіп жоқ дейді. Егер бас директор мұны шешіп бере алмайтын болса,бұрынғыиесі "МаңғыстауМұнайгазға" қосуын талап етіп тұрмыз”, – деп қосты Бауыржан Жұмабаев.

Ал компанияның бас инженері Есен Көшкінбаев жұмысшылардың ереуілге шыққанын заңсыз деп санайды. Өйткені бұл азаматтардың қазіргі жалақысы орташа есеппен 410 мың теңге екенні мәлімдеді.  Серіктестіктікте жұмысшылардың талабынан басқа да мәселе шаш етектен деген компания өкілі қазір істерінің өнбей жатқанын айтып қалды. Сөзінше, Ресейге салынған санкциялардың кесірінен зауытқа шикізат жеткізу тоқтап тұр. Сондықтан қызметкерлерді 50 пайыздық жалақымен демалысқа жіберуге мәжбүр болған екен. Оның үстіне негізгі тапсырыс беруші "МаңғыстауМұнайГаз" компаниясының 500 миллионнан астам берешегі бар деп отыр. 

“Ұжымдық келісімшарт бойынша біз жұмысшылармен барлығын талқылап, кейін бас кеңсеге жолдадық. Бас кеңседегілер негізгі тапсырыс беруші "МаңғыстауМұнайГаздың" берген мүмкіндігі бойынша ғана ұжымдық келісімшартты жасай аламыз деді. Ал қалған талапты қанағаттандыруға біздің қауқарымыз жетпейді. Жұмысшылар бізден өте көп нәрсе талап етіп тұр және ереуілге біреудің арандатуымен шығып жатыр деп ойлаймыз. Әйтпесе біз оларға өткен жолғы ереуілден соң жағдайларын жақсартып бергенбіз”, – деп мәлімдеді "Шыны талшықты құбыр зауытының" бас инженері Есен Көшкінбаев. 

Компания өкілі алдағы уақытта қызметкерлер мен басшылардың арасында сот отырысы өтетінін жеткізді. Егер сол сотта серіктестік жеңілетін болса, зауыт құрдымға кетуі мүмкін екенін ескертті. Ал жұмысшылар болса, бас директор келіп, ұжымдық шартты заңдастырмайынша, ешқайда тарамаймыз деп отыр.

Талқылау