Шымкентте ер адам автобус жүргізушісін ұрып, салдарынан бір жолаушы қаза тапты
Шымкентте мас адам автобус жүргізушісін ұрып салдарынан, оқыс қозғалыс кезінде көлік ішіндегі өзге жолаушы құлап қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Оtyrar
Оқиға сайрам тұрғын алабында №148 автобуста болған. Мамандардың мәліметінше, жол үстінде қоғамдық көлік жүргізушісін масаң күйде болған тұрғын соққыға жыққан. Сол сәтте жүргізуші тежегішті бірден басып қалған. Осы сәтте есіктің алдында тұрған әйел құлап кетіп, басына тиген зақымнан жедел жәрдем барғанша оқиға орнында көз жұмған.
"Жарақат алған жүргізуші ауруханада. Жалпы жолаушылардың қоғамдық көліктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақстында, жүргізушілерді қолма-қол ақша алудан босату бойынша қала әкімінің қаулысы ашық нормативтік құқықтық актілер порталында енгізіліп, талқылаудан өтуде. Одан бөлек, жүргізушілерді жолаушылардан оқшаулау әйнегін техникалық регламентке сәйкес орнату пысықталуда", — деді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшы орынбасары Шерзат Сүттібаев.
Полиция департаменті қазір күдікті қамауға алынып, тергеу жұмысы басталғанын жеткізді. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.