Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мас күйде көлік жүргізгендерге жазаны жеңілдету: Ішкі істер министрлігі ұсынысқа қарсы шықты

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мас күйде көлік жүргізгендерге жазаны жеңілдету мәселесіне қатысты министрлік ұстанымын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: auto.mail.ru

Қайсар Сұлтанбаев бұл заң нормасын бұзушылардың саны жыл өткен сайын жоғары болатынын атап өтті. Сонымен қатар, оның айтуынша, министрлікке жазаны жеңілдету немесе амнистия өткізу жөнінде ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. 

"Ішкі істер министрлігі мас күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікті жеңілдету немесе амнистия жариялау мәселесіне түбегейлі қарсы. Заң мен тәртіптің өз принципі бар. Біз азаматтардың өмірі мен денсаулығы, қоғамдық қауіпсіздік және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтып отырмыз. Ішімдік ішкен жүргізуші – бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қылмыскер екенін түсінуіміз керек. Сондықтан бұл мәселе бойынша жеңілдіктер болмайды", – деді ол.

Министрлік өкілі халықаралық тәжірибеден мысал келтірді.

"Біз Жапония, Сингапур, Малайзия, Сауд Арабиясы, АҚШ сияқты елдердің тәжірибесін зерттедік. Ондағы заңдар біздікінен әлдеқайда қатаң. Мысалы, Жапонияда тек жүргізушіні ғана емес, сонымен қатар оның отбасын да жауапқа тартады. Сондықтан менің ойымша, біздің елдегі жауапкершілік орынды", – дейді Сұлтанбаев.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әлкеновтың айтуынша, жыл басынан бері шамамен 24 мың мас жүргізуші ұсталған, олардың 300-ден астамы жол-көлік апатына себеп болса, нәтижесінде 40 адам қаза тауып, 500-ге жуық адам жарақат алған. 

Еске салсақ, бұған дейін депутат Николай Арсютин ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдап, елде мас күйде көлік жүргізгендерге қатысты жазаны жеңілдету жөнінде бастама көтерген еді. Ол қазіргі заңдағы жазаны “әлемдегі ең қатал жаза” деп атады.

Талқылау