Марбург вирусы Қазақстанда тіркелді ме – Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі кезінде марбург вирусына қатысты деректерді айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото:depositphotos.com
Сархат Бейсенованың айтуынша, марбург вирусы жарқанаттардан тарайды екен. Негізгі ошағы – Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка елдері, соның ішінде Габон, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Гвинея, Зимбабве, Кения мен Руанда бар екен. Осыған байланысты Африка елдеріне баратын қазақстандықтарға сақтық шараларын сақтау керек дейді.
"Африка ормандарында кездесетін жабайы аңдардан сақ болу керек. Негізгі таратушылар – жарқанаттар үңгірлерде жиі кездеседі, сондықтан үңгірлерге бармауды ұсынамыз. Егер ауру белгілері байқалса, медициналық мекемеге жүгінген жөн", – дейді ол.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы марбург вирусын жұқтырған жағдайда адамда бауыр, асқазан-ішек жолдарының, орталық жүйке жүйесі зақымдалады.
"Симптомдарға дене температурасының күрт көтерілуі, қатты бас ауруы, бұлшықет ауруы жатады. Үшінші күні диарея болып, құсуы мүмкін. Кейін науқасқа ауыр гемморагиялық симптом қосылады. Бұл кезде қан кету байқалады. Өлім 8-9 күннен кейін тіркелуі мүмкін. Қазір оған қарсы ем жоқ, вакцина жасалмаған. Емдеу симптоматикалық негізде ғана жүргізіледі. Қазақстанда бұл вирусты жұқтыру дерегі тіркелмеді, жағдай тұрақты және бақылауда", – деп түсіндірді ол.
Бүгінде вирустың елде тарауын алдын алу мақсатында 17 халықаралық әуежайда, 5 теміржол және 2 теңіз портында санитариялық бақылау жүзеге асырылады. Шетелден келетін жолаушыларда байланыссыз термометрия жүргізіледі.
Еске салайық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы марбург вирусының таралуына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Аталған вирустан Руандада 10 адам көз жұмған.