Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысының шұбатынан кәмпит пен балмұздақ жасалады

Маңғыстау өңірінде түйе шаруашылығының болашағы жарқын. Ол үшін бірлескен кәсіпорындар құрып, жергілікті кәсіпкерлердің білімдерін жетілдіру, сүт және ет өнімдеріне сұранысты арттыруға жұмыстанады.

apap

Сондай-ақ, түйе сүтінің экспортқа шығатын күні алыс емес. Бұл туралы «Маңғыстау индустриалдық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының кеңесшісі Нұрбол Оқуов мәлімдеді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа көз жүгіртсек, еліміз бойынша түйе басының 30%-ы Маңғыстауда шоғырланған, яғни 179.800 түйенің бүгінде 48.700 Маңғыстау өңірінде өсіріледі екен.

Бұл ресми дерек, ал ресми емес дерекке сенсек, республикадағы түйе санының 50 пайыздан астамын осы Маңғыстаудан табуға болады. Оның үстіне түйенің ерекше қасиеті – шөл және шөлейт жерлердің қатаң жағдайларына төзімділігі. Ал Маңғыстау – шөлді аймақ, жергілікті шаруа қожалықтары да көбіне түйе өсірумен айналысқанды жөн санайды.

Айта кету керек, Маңғыстау өңірінде ауыл шаруашылығының ақсап тұрған тұстары жоқ емес. Жергілікті кәсіпкерлер, әсіресе шалғайда мал шаруашылығымен айналысатындар ет немесе сүт өнімдерін сата алмай әлек.

Малдың жүнін тапсырудың өзі көп жағдайда қиынға соғады. Түйе сүтіне субсидия қарастырылмаған. Осы мәселелердің шешу жолдарын Маңғыстау индустриалдық палатасы тапқандай. Жергілікті түйе сүтінің экспортталатын күні алыс емес. Яғни, палатаның мамандары Маңғыстаудағы ауыл шаруашылығының даму динамикасы жаңа деңгейге шығаурға атсалыспақ.

Жаңа жыл қарсаңында «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігінің ұйымдастыруымен Дубайда отандық тауар өндірушілерінің форумы өткен болатын. Оған Маңғыстау индустриалдық палатасы жанынан құрылған «Болашақ» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің қызметкерлері де қатысты. Аталмыш кооператив «МаңғыстауАгроСервис» кәсіпорнынан лизингке сүт өнімдерін өңдейтін құрал жабдық алып, іске қосып, таза түйе сүтінің алғашқы партиясын шығарды және Дубайда өткен форумда дегустация жасалды. Араб елінің жергілікті халықы Маңғыстаудан апарған түйе сүтінің дәмін татып, үлкен қызығушылық танытқан. Себебі Маңғыстаудағы түйе сүтінің майлылығы 6,7% болса, араб елінде өсірілетін түйе сүтінің майлылығы 3,4 % аспайды. Сондықтан да, жергілікті сүтті араб әміргілігің кәсіпкерлері сатып алуға дайын және экспортталғанын қалайды.

«Араб кәсіпкерлері Маң,ыстау шұбатына қызығушылық танытып отыр. Бізден шикізат сатып алып, өздерінде балмұздақ пен кәмпит секілді түрлі өнім дайындауда. Алғашқы өнімдерін біздің кәсіпкерлер палатасына әкеліп көрсетті. Егер әріптестік мықтап орнап жатса, алдағы уақытта мұндай өнімдер Қазақстанда да шығарылып қалар», — дейді Нұрбол Оқуов.

Айта кету керек, Дубайда түйе фермалары мен сүт өңдейтін зауыттар көп. Түйе сүтінен йогурт, балмұздақ, кәмпит, ірімшік, май және т.б. сүт өнімдер шығарылып, Еуропа елдері мен Ресейге экспортталады.

Сонымен қатар, алдын-ала ауызша келісім бойынша төрт түлікті ұрықтандыру (селекция) ұсынысы да сөз болды және бұл бастама тәжірибе (эксперимент) ретінде қолға алынуы мүмкін.

Қазіргі уақытта «Маңғыстау индустриалдық палатасы» ЗТБ жанынан құрылған «Болашақ» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі Маңғыстау облысындағы бес ауданда (Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы, Маңғыстау, Бейнеу) және Ақтау, Жаңаөзен қалаларында түйе сүтін қабылдайтын орындар (пункты) ашу бойынша жұмыстанып жатыр.

Сондай-ақ, тәжірибе алмасу үшін оқыту семинарларын да өткізу қажеттігі туындап отыр. Бұл мәселе де Маңғыстау индустриалдық палатасының басты назарында. Алдағы уақытта, ауыл кәсіпкерлерін бизнес тақырыптарына оқыту курстарын өткізу қолға алынып, Алматы мен Астана қалаларынан тәжірибелі оқытушылар (бизнес-тренерлер) тартылатын болады.

“Егемен Қазақстан” газеті

Талқылау