Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаудағы кен орнында жұмысшы құсты жалаң қолмен ұстап алды

жұмысшы Қызыл кітапқа енген құсты ұстап алды

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде кен орнында жұмыс істейтін азаматтың металл құрылымның шатырында қонақтаған құсты жалаң қолмен ұстаған видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Желіде тараған видео Маңғыстау облысында түсірілгені белгілі болды. Видео астында желі қолданушылары қызметкердің бұл әрекетіне наразылық білдірді.

“Құсты неге ұстайды? Оны жайына қалдыруға болмай ма?”, “Жабайылық басылар емес", “Мұндай керемет өңірде тұрып, адамдар табиғатты түсінбейді де, қадірлемейді де”, – деп жазды желідегілер.

ECOJER қауымдастығының өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы және Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Әділбек Қозыбақов бейнежазбаны қарап шығып, құстың үлкен баклан екенін мәлімдеді.

“Бұл құс Қызыл кітапқа енбеген. Балық шаруашылығы жақсы дамыған өңірлерде баклан зиянкес саналады, өйткені ол балықпен қоректенеді. Әрине, бакландарды толығымен жоюға болмайды – олар экожүйенің бір бөлігі. Әсіресе, ұя салатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда оларды ұстауға болмайды, себебі олар белгілі бір экологиялық қызмет атқарады. Менің ойымша, бұл жағдайда ер адамға ешқандай жаза қолданылмайды, алайда барлығы жағдайға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторы қалай баға беретініне байланысты. Балықшылар бакландарды өздеріне бәсекелес санайды. Сондықтан құстық бұл түрін өлтіру олар үшін тиімді, – деп түсіндірді Әділбек Қозыбақов.

Сондай-ақ биолог видеодағы ер адамның әуесқой балықшы болуы мүмкін екенін айтты.

“Балықшы болғандықтан бакланды бәсекелес көрсе керек. Немесе мүлдем балықшы емес, жай ғана істерге ісі болмағандықтан осындай әрекетке баруы мүмкін. Онда бұл қатігездік. Қалай болғанда да, бұл – дұрыс емес. Меніңше, тек кәсіби балықшылар ғана өздерінің балық аулайтын аумағында бакланмен күресе алады, – деді биолог.

Бакландар – баклан тұқымдасына жататын теңіз құстарының бір тұқымы. Олар әлемде кеңінен таралған, әсіресе тропиктік және қоңыржай климатты аймақтарда биологиялық түр-түрімен ерекшеленеді. Бұл құстар құрлық пен аралдардың теңіз жағалауларында, өзен-көлдердің маңында, сондай-ақ батпақты жерлерде мекендейді.

Айым Болатқызы
Жұма, 04 Шілде, 2025 23:16
Талқылау