Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үш рет сорғанымен, үйде су қалып қойды": Маңғыстаудағы ауылдардың бірінде жерасты суы көтеріліп, үйлерді су басты

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысындағы Атамекен ауылында жерасты суы көтеріліп, бірнеше тұрғын үйді су басып қалды. Көктем сайын қайталанатын бұл мәселе биыл да тұрғындарды әбігерге салды. Үйлерге су кіріп, тұрғындар дүние-мүлкін құтқарумен әлек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жер астынан шыққан су салдарынан үйлердің ішіне кірудің өзі қиынға соғып отыр. Кейбірі бөлмелерге тек резеңке етікпен ғана кіре алады. Тұрғындар дүние-мүлкін сыртқа шығарып, суды арнайы техникамен сорғызуға мәжбүр.

Атамекен ауылының тұрғыны Ұлдай Жансайытованың айтуынша, су бірнеше рет сорылғанымен, мәселе толық шешілмей отыр. Ол бұл жағдай денсаулығына да кері әсер еткенін айтады.

"Кеше де суды үш рет сорып кетті. Әр жолы 6 кубтық машина келді. Үш рет сорғанымен, үйдің ішінде су бәрібір қалып қойды. Мен бұл жерге 2022 жылы сап-сау болып көшіп келген едім. Қазір артритке шалдықтым. Әр алты ай сайын ауруханаға жатамын. Қазір маған мүгедектік берейін деп жатыр", – деді Атамекен ауылының тұрғыны Ұлдай Жансайытова.

Тұрғындардың сөзінше, ауылда осы мәселе жыл сайын қайталанады. Көктем келген сайын елдімекен тасқын сумен емес, жер асты суымен күресуге мәжбүр.

"Бізге мына жерге бізге кәрізді қойып берсін. Болмаса халықты сенделтпей көшірсін. Үй берсін қаладан. Көшірсін. Басқа енді айтатын әңгіме қалмады", – деді Жамбыл Дінбай.

Сондықтан олар жергілікті биліктен кәріз жүйесін жүргізуді немесе қауіпсіз жерге көшіруді талап етіп отыр.

Қазір 43 мың тұрғыны бар Атамекен ауылында 20-дан астам су сорғысы жұмыс істеп тұр. Мұнайлы ауданы әкімдігі жерасты суларының көтерілуіне байланысты уақытша шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мәселені толық шешу үшін ауылға кәріз жүйесін салу қажет. Жобаның сметалық құжаттары былтыр мақұлданған. Жұмыстарды бастау үшін шамамен 2,5 миллиард теңге қажет.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда "Көктем-2026" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында сел мен су тасқынына дайындық тексерілген еді. Сол кезде өңірлерде дабыл сиреналары іске қосылып, төтенше жағдай кезінде халықты ескерту жүйелерінің жұмысқа дайындығы тексерілген. 

Айым Атамбаева
Сенбі, 07 Наурыз, 2026 10:06