Маңғыстауда үкіметтік комиссия наразы халықпен келіссөздер жүргізуде
Маңғыстауда үкіметтік комиссия мүшелері наразылыққа шыққан халықпен келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы премьер-министрдің сайты мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Үкіметтік комиссия сұйытылған газ бағасын арзандатуды жақтаған азаматтардың бастамашыл тобымен жиын өткізуде. Комиссия мүшелері жағдайды шешу, соның ішінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мүмкіндігін талқылайды", – делінген мәлімдемеде.
Комиссияны Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов басқарады. Сондай-ақ оның құрамына президент әкімшілігінің, энергетика министрлігінің, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және басқа да мүдделі тұлғалардың өкілдері кіреді.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия жұмысын бастағанын мәлімдеген болатын.
- Атырауда "Теңізшевройл" ЖШС жұмысшылары Маңғыстау халқын қолдауға шықты
- Маңғыстау облысындағы газ бағасына қатысты "Qazaq Oil" мен "ҚазМұнайГаз" мәлімдеме жасады
- Полицейлер күш көрсетуде: Наразылыққа шыққан ақтаулықтар алаңға киіз үй тікті
“Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс”, – деген президент Тоқаев.
Жаңаөзен мен Ақтаудағы жағдай
2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында жүздеген көлік иелері көшеге шыққан болатын. Олар жиындарда 1 қаңтардан бастап литрі екі есе қымбаттаған сұйытылған газдың бағасын төмендетуді талап етті.
Энергетика министрлігі бағаның көтерілуін сұйытылған газды өндірушілердің оны электронды сауда арқылы сатуға көшуімен түсіндірді.
Бірақ халық түсіндірмеге қанағаттанбады, себебі Қазақстанның батыс өңірлеріндегі көлік толығымен дерлік газдандырылған. Көтеріліс салдарынан наразылық акциясы облыстың бірнеше ауылын қамтып, шерулер түннің бір уағына дейін жалғасты.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
