Үкімет Маңғыстауда оқушылардың жаппай улануына қатысты тергеуді жеке бақылауына алды
Маңғыстау облысының Бесшоқы ауылында балалардың жаппай улануына қатысты премьер-министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау, оқу-ағарту министрлерінің және облыс әкімінің есебін тыңдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
Мәліметке сәйкес, қазір 460 бала дәрігерлердің бақылауына алынды. Ал оның 83-і ауруханаға жатқызылды және 2 бала жансақтау бөлімінде. Зардап шеккендердің барлығы, оның ішінде жансақтау бөлімінде жатқан балалардың жағдайы тұрақты. Денсаулығының жақсаруына байланысты реанимацияда жатқан екі бала жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Ауруханаға улану белгілерімен түскен балалардың барлығына толық көлемде қажет медициналық көмек пен психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Оқиға орнында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қолдау шараларын көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тәулік бойы штаб жұмыс істейді.
Ауру ошағын оқшаулау және жою шараларын күшейту үшін өңірге "Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы" ШЖҚ РМК "Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" филиалының мамандары жіберілді.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бір айда республикадағы барлық мектептің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіледі. Ол мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталған.
Облыстағы №8 мектепте тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Кінәлілер жауапқа тартылады.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылар жаппай тамақтан уланып қалған еді. Деректерге сүйенсек, мектеп асханасына барған 1-4-сынып оқушылары зардап шеккен. Зардап шеккен қыздың туыстарының айтуынша, жергілікті ауруханаға барған кезде ол жақта кезекте 50-ден астам бала болған. Көрші Маңғыстау ауылының медициналық мекемесі 35-40 оқушыны бақылап, кейбір зардап шеккендерді Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасына жіберген.