Маңғыстауда итбалықтардың жаппай қырылуы: Ұрғашылардың жартысынан көбі буаз болған
Гидробиология және экология институтының эколог маманы Әсел Баймұқанова Маңғыстау облысында Каспий итбалықтарының жаппай қырылуы туралы алдын ала нәтижелерді жариялады. Ол қырылған итбалықтардың көбі буаз ұрғашылар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Әсел Баймұқанованың желідегі парақшасынан
Әсел Баймұқанованың мәліметінше, 27 қыркүйек пен 30 қазан аралығында Түпқараған түбегінің жағалауынан 305 итбалық өлі табылған. 4-5 қараша күндері сол жерде жұмыс істеген комиссия тағы 121 өлексені анықтаған.
Бастапқыда табылған 10 өлексенің (3%) ауыр жарақаттары болған: кесілген жерлер, кесілген басы, тор мен арқанға шырмалу белгілері. Бұл зақымдардың кейбірі кездейсоқ болғанымен, қалғандары заңсыз аулаудың нәтижесі деп атап өтті маман. Өлген итбалықтардың көбінен мұндай белгілер анықталмаған.
"Зерттелген ұрғашылардың жартысынан көбі буаз болғаны алаңдатады, ал барлық итбалық семіз еді. Бұл олардың өлер алдында жас әрі өміршең болғанын көрсетеді. Олардың өлімі табиғи емес және кенеттен болғандай. Күзде итбалықтар көбеюге Солтүстік Каспийге көшеді. Қырылу теңіздің дәл осы бөлігінде, олар шоғырланған кезде болған. Өлімнің себептері әртүрлі болуы мүмкін: табиғи (жер сілкінісі, табиғи газдардың шығуы), техногендік (теңіз аймақтарының ластануы), аурулар (эпидемиялар)", – деді Әсел Баймұқанова.
Ғалымдар итбалықтардың қырылуы кең таралмағанын және мәйіттер неліктен белгілі бір жерлерден ғана табылды деген сұрақтарға жауап іздеп жатыр.
"Жағдайды жан-жақты зерттеу үшін геологтар, мұнай мен газ өндіру мамандары, экологтар, химиктер, токсикологтар, вирусологтар және басқа да мамандардың сараптамасы қажет. Біз жинақталған барлық материалды бірлескен жұмыс үшін ұсынуға дайынбыз", – деді гидробиология және экология институтының экологиялық ағарту жөніндегі маманы.
Еске салайық, бұған дейін маңғыстаулық фотограф Азамат Сәрсенбаев желідегі парақшасында Түпқараған ауданына қарасты Баутин ауылында дауылдан кейін 150-ден аса итбалықтың өлексесі шығарылғанын айтқан еді. Оның айтуынша, ғалымдар өлген итбалықтардың денесінен ауыр жарақаттарды байқаған. Итбалықтардың бұлай жаппай қырылу себебі нақтыланбаған еді.