Маңғыстауда екі шенеунік құмар ойынға әуестігі үшін қызметінен кетті: Олардың бәс тіккені қалай әшкере болды?
Фото: profi-detox.com.ua
Маңғыстау облысында екі шенеунік құмар ойынға әуестігінің кесірінен мансабынан айырылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі олардың этиканы өрескел бұзғанын мәлімдеді. Осы оқиғаға байланысты Stan.kz жергілікті қаржы мониторингі агенттігінен шенеуніктердің ойынға қатысқаны қалай әшкереленгенін, тексеруді кім және қалай бастағанын анықтап көрді.
Маңғыстауда екі мемлекеттік қызметкердің құмар ойынға қатысқаны анықталып, олар қызметінен босатылған еді. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, олардың әрекеті қалай әшкереленгені туралы сұрақтар туындады. Осыған байланысты Маңғыстау облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, алғашқы жағдайда аумақтық департаментке бір қызметкердің өзі шағым түсірген. Ол жұмыстан босатылуын әділетсіз деп санап, шешімнің заңдылығын тексеруді сұраған.
"Арыз негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша қызметкердің бәс тігуге қатысқаны үшін жұмыстан босатылуы қолданыстағы заңнамаға қайшы емес деп танылды", – деп хабарлады агенттік.
Екінші жағдайда тәртіптік комиссия жұмысына талдау барысында Жаңаөзен қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де құмар ойындарға қатысқаны үшін қызметінен шеттетілгені белгілі болған. Бұл дерек жоғары тұрған орган – қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінен келіп түскен ақпарат негізінде анықталған.
Агенттік мәліметінше, тексеру кезінде "Netbet" ЖШС-не ресми сұраныс жіберіліп, оның жауабында мемлекеттік қызметкерлердің ойын платформасында тіркеліп, бірнеше рет ақша салып, бәс тіккені нақты көрсетілген.
Сонымен қатар ведомство биылғы 9 қыркүйекте күшіне енген заңнамалық өзгерістерге тоқталды.
"Жаңа түзетулер мемлекеттік қызметшілердің ойын бизнесіне қатысуын шектеуге бағытталған. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі ойын мекемесіне барудан тартыну талабы енгізілген норма арқылы толықтырылды", – делінген агенттік жауабында.
Бұған қоса, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарға, бәс тігуге немесе интернет арқылы өткізілетін осындай әрекеттерге қатысуға тыйым салынған.
"Енді мемлекеттік қызметкерлерге ойын мекемелеріне баруға, бәс тігуге және интернет арқылы құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды", – деп пікір білдірді Маңғыстау облысы қаржы мониторингі агенттігі.

"Тиіндерді өлтіресіздер": Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды улау шарасына наразы
