Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда жасөспірім ата-анасының көлігін айдап кетіп, 14 жастағы қызды қағып кетті

Газель айдаған жасөспірім қызды қағып кеттіФото: Видеодан скрин

Желіде Форт-Шевченокадағы "Газель" жүргізушісінің жаяу жүргіншілер тротуарына шығып, қызды қағып кеткен сәті түсірілген видео тарады. Жүк көлігінің тізгінінде 15 жастағы жасөспірім болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жол апаты 25 шілдеде болған, алайда оқиға орнындағы видео жергілікті Instagram-пабликтерде тек кеше жарияланды. Кадрдан "Газель" жүргізушісінің адамдар жүріп келе жатқан жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткенін көруге болады.

Видеодағы сипаттамада көлікті 8-сынып оқушысы жүргізгені айтылған. Ол қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жарақат алған қыз бес күн жансақтау бөлімінде жатып, ауыр отадан шықты. Бір ай бойы ол тек түтік арқылы тамақтанып, денесін қозғалта алмаған.

Өңірлік полиция департаменті оқиға туралы толық ақпарат берді. Ведомство мәліметінше, 25 шілде күні таңғы сағат 6 шамасында "102" пультіне 2011 жылы туған қызды "Газель" көлігінің қағып кеткені туралы хабар түскен.

"Көлікті 2010 жылы туған жасөспірім айдап кеткен. Ол ата-анасының көлігін ұрлап мініп, қызды қаққан. Жәбірленуші әртүрлі жарақаттармен 28 шілдеге дейін ауруханада болды. Жасөспірімнің ата-анасына қатысты екі іс қозғалды – ҚР ӘҚБтК 127-бабы және ҚР ҚК 345-бабы бойынша", – деп хабарлады полиция.

Айта кетейік, 127-бап ата-аналар немесе заңды өкілдер бала тәрбиелеу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамаса, 39 320 теңге айыппұл салынады. Ал 345-бап бойынша жол ережесін бұзып, орташа ауыр жарақат келтіргендер 629 120 теңгеге дейін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыс, 40 тәулікке дейін қамау жазасын алады немесе 2 жылға дейін белгілі қызметпен айналысу құқығынан айырылады.


Алматыда Медеуден түсіп келе жатқан велосипедшіні көлік қағып кетті


Ақтөбеде 13 жастағы жасөспірімді КамАЗ қағып өлтірді


Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншіні қағып өлтіргенін жаздық. Жол апаты Алматы-Өскемен тас жолында болған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Алматы облысының полиция департаменті ақпаратты растады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 11 Тамыз, 2025 12:03
Талқылау
`