Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында малмен ғана күн көріп отырған ауылдар ашаршылықтың алдында тұр

Маңғыстау облысында малмен ғана күн көріп отырған Қызан мен Ақшымырау ауылынының тұрғындарына қуаңшылықтың кесірі қатты тиіп отыр. Өткен аптада ғана ауыл шаруашылығы министрлігі 204 миллион теңге бөліп, өңірдегі шаруаларды жем-шөппен жарылқаймыз деген еді. Алайда облыс орталығынан шалғай жатқан бұл ауылдарға көмек әлі жетпепті.

Тұрғындар малды аман алып қалуға 204 милиион теңгенің өзі аздық ететінін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

Біз тұрған мына Қызан ауылында 2 мыңға жуық халық бар. Осы ауылдың тұрғынының бәрі қазір тек қана малмен күнелтіп отыр. Ал өңірді жайлаған қуаңшылық бүкіл маңғыстаулықтардың басты мәселесіне айналды. Басқа өңірден жеткізілген қымбат шөпті де жеп семіріп жатқан жоқ.

“Адамдар малды аман алып қалам деп, басы-көзіне қарамай, пенсиясын, ақшасын соған салып, күнелтіп жасап жатыр. Өлетіні өліп жатыр далада”, – деді Қызан ауылының тұрғыны Әлімбай Аманов

“72 жыл болды бірінші рет көрдім мынадай қуаңшылықты. Жұтты көргеніміз жоқ еді. Қуаңшылық, жоқшылық бәрі қат-қабат болып тұр ғой”, – деді тұрғын Балатөре Алтыбаев.

Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстау өңіріндегі малдарды аман алып қалуға 204 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтқан еді. Сол ақша есебінен Маңғыстау, Түпқараған, Мұнайлы, Қарақия ауданы мен Жаңаөзен қаласының әр қайсысына 130 тонна арпа жеткізілген. Алайда көмек шалғайдағы шаруаларға тимепті. Ауыл әкімі облыс әкімдігінен бөлінген қаражатқа алынатын жем-шөпті жеткізу үшін өтінім жіберіп қойғанын айтады. Мал азығын тасымалдаумен айналысып жатқан өңірдегі "Каспий" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тауарды тек аудан орталықтарына ғана жөнелтіпті. Алайда аудан орталығынан 110 шақырым жерде орналасқан Қызан ауылының тұрғындарына оны өздігінен тасу қиын.



“Біз енді халықтан керек адамдардың тізімін шығарамыз. Соған байланысты аудандық ауыл шаруашылық бөліміне шөп керек деп ұсынысымызды түсіреміз”, – деді ауыл әкімі Қонай Сүлейменов.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі өңірдегі жағдайды жергілікті әкімдік уақытында хабарламағандықтан қазіргі ахуалдың қиындағанын айтады.

“Өлген малға қаржы қарастырылмайды. Тек қазір бар малды сақтауға қаражат бөлінеді. Аудандық әкімдіктер қуаңшылық жөнінде ертерек хабарламады. Жағдай ушыққанша күтпеу керек еді”, – деді ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары Қайрат Мутаев.

Қызан ауылында құрғақ жерден азық таппай қырылып қалған малдан қалғаны 5500 жылқы, 2700 түйе, 13 мың қой мен ешкі. Енді қалған малды сақтап қалу үшін шалғайдағы шаруалар үкіметтен қолжетімді бағада жем мен шөпті ауылға дейін тасымалдауды ұйымдастыруын сұрайды.

Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында аштықтан құр сүйегі қалған жылқылардың суреттерін Facebook қолданушысы Бердімұрат Төрекенов түсірген болатын. Маңғыстау облысының бірнеше ауылында жылқылар жойылу алдында тұр. Биыл жауын-шашын болмағандықтан, жайылымдар кеуіп қалған, жылқы азығының жетіспеуінен оны тамақтандыратын жем қалмаған.

Талқылау