Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кезек қырғын": Маңғыстау облысында автогаз тапшылығы туындады

Маңғыстау облысында автогаз тапшы. Жүргізушілер бір аптадан бері көгілдір отын таппай қиналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынды

Кезекте тұрған көлік иелері қойнауы мұнай мен газға толы өңірде мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламадық деп отыр. Ал жергілікті биліктің өкілдері тапшылыққа көлігі бар туристердің көп келуі мен газбен жабдықталған машинаның артуы себеп дейді.

“Газ жоқ, кезек қырғын. Ақшұқыр жақта да 100-дей машина тұрды кеше. Тұрып-тұрып құя алмай кеттік. Біз жақындағанда бітіп қалды. Кеше Ақшұқырда 3 сағат тұрдым. Міне бүгін мына жақта 1 сағаттан асты. Жұмыстан сұранған жоқпыз, өтірік айтып кеттік қазір келеміз деп”, – дейді жүргізушілердің бірі Азамат Бәйімбетов.

Көгілдір отын тапшылығы Жаңаөзен мен Ақтауда, Мұнайлы,Түпқараған, Маңғыстау аудандарында қатты байқалады. Жүргізушілер тіршілігіміз тұралап, тығырыққа тірелдік деп қапалы.  

“Тұрғанымызға шамамен бір сағаттай болып қалды. Газ тапшылығы сезіледі”, – дейді автокөлік иесі Есен Оңғаров.


Оралда тасқын салдарынан туындаған автогаз тапшылығы көлік жүргізушілерін әлекке салды


Шенеуніктер тапшылыққа өзге өңірлерден көлікпен келетін саяхатшылар сеп болған деп отыр. Оған қоса, облыста газ орнатқан көліктер көбейіп, 183 мыңнан асыпты. 

“Айдың соңына қарай бізге бөлінетін газдың көлемі азайғаннан жолдың бойында тұрған жанармай берекеттерінде сұранысқа байланысты газ азайып, бітіп жатады. Сондықтан автокөлік иелері газ қалған бекеттерге жиналып кезек көбейген. Енді автозаправка иелері зауыттан тасымалдауларын жоспар бойынша алып жатыр. Айдың басында логистикалық сұрақтар бойынша біраз кідіреді. Бірақ 5-сі, 6-сы күндері реттелу керек”, – дейді Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Есітбаев.

Ай сайын өңірге екі мың тонна газ жетпейтін көрінеді. Сол себепті аймаққа берілетін лимитті  20 мың тоннаға дейін көбейту маңызды деп отыр. Осы мақсатта әкімдіктегілер энергетика министрлігіне ұсыныс хат жолдаған.

Еске салсақ, осыған дейін 1 шілдеден бастап елімізде автогаз қымбаттайтыны туралы жазған едік. 

Талқылау